Ат спортынан кәсіби мамандар даярлау қолға алынды

Ат спортынан кәсіби мамандар даярлау қолға алынды
Сурет: Gov.kz

Қазақ спорт және туризм академиясының Президенті Қайрат Закирьянов мен ҚР этноспорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев екіжақты келісім шартқа қол қойды.

Мақсат - бірлесе отырып ұлттық спорт түрлерінен, соның ішінде ат спортын дамыту мақсатында білім беру бағдарламасын құрастыру, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 
«Аударыспақ, жамбы ату, көкпар, бәйге сияқты ұлттық спорт түрлері - ата-бабаларымыз мұра еткен асыл қазына. Атқа міну, шабу – біздің қанымызда бар қасиет. Ұлттық құндылығымызды жоғалтпай, халықаралық дәрежеде көтеруді қолға алғанымыз жөн. Ат спортын дамыту үшін барынша қызмет етуге Қазақ спорт және туризм академиясы да әрдайым ықыласты», - деді Қайрат Закирьянов.
Алдағы уақытта білім беру бағдарламасын әзірлеу және іске асыру жөніндегі бірлескен іс-шараларды өткізу жоспада тұр. Ат спорт түрлерінен жарыстарды, форумдарды, спорттық-сауықтыру іс-шараларын, конференцияларды, семинарларды, симпозиумдарды, ғылыми зерттеу жобаларын дайындау және оны іске асыру, болашақ мамандарды даярлауда заманауи инновациялық әдістемелерді қолдану сияқты ауқымды жұмыстар күнтізбеге енгізіледі.