Алматыдағы құрылыс алаңында Өзбекстаннан келгендер заңсыз жұмыс істеген

Алматыдағы құрылыс алаңында Өзбекстаннан келгендер заңсыз жұмыс істеген
Сурет: Polisia.kz

Шетелдік жұмысшылардың елімізде заңсыз жүргені «Келімсек» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталған.

Өзбекстаннан келген 20 азамат Алматыдағы құрылыс алаңында заңсыз жұмыс істеген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы қаласында тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзу фактілерін анықтау мақсатында өткізілген «Келімсек» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында көрші мемлекеттен заңсыз келгендер анықталды.

«Алматының Бостандық ауданында орналасқан "Архат" шағынауданындағы тұрғын үй кешенінің аумағында Өзбекстаннан келген құрылыс бригадасы жұмыс істеген. Олар, жұмыс берушілері сияқты, еліміздің қолданыстағы көші-қон заңнамасын бұзып, сол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды және ПД-нің қабылдап-тарату орталығына орналастырылды. Кейін сот шешімімен шетелдіктер Қазақстаннан шығарылады», – деді Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Сонымен қатар, баяндамашы іс-шараның үш күнінде анықталған құқықбұзушылықтардың статистикасын айтып өтті.

«Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 921 көші-қон заңнамасын бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 686-сы - ҚР болу ережелерін бұзған шетел азаматтары. Сот шешімімен 25 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды. Сондай-ақ, шетелдіктердің ҚР-да болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 211 қабылдаушы тарап жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 24 жұмыс беруші де жауапқа тартылды», – деп хабарлады Асхат Бутунчинов.