Алматыдағы метро станциясы жанынан көлікке арналған тұрақ салынады

Алматыдағы метро станциясы жанынан көлікке арналған тұрақ салынады
Сурет: M24.ru

Қазір жоба аяқталып, құрылысы жүріп жатыр.

Алматыда құрылысы жүріп жатқан «Қалқаман» станциясы маңында 2 мың көлікке арналған тұрақ пайда болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Әуезов ауданының түрғыны қала әкімі Ерболат Досаевтан: "Абай – Яссауи көшелерінің қиылысындағы метро станциясы маңында автотұрақ неге жоқ?" - деп сұрады.

«Метро станциясы салынды, бірақ көліктерге арналған тұрақ ашпады. Адамдар қаладан келеді, көліктерін жақын маңдағы көшелерге қалдырады. Олардың толып кеткені сонша, ол жерге "жедел жәрдем", қоқыс таситын көліктер бара алмайды»,- деді Әуезов ауданының тұрғыны.

Тұрғынның сауалына Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов жауап берді.

«Бауыржан Момышұлы» метро станциясының маңында автотұрақ салатын жер жоқ. Әшімов-Абай көшелері деңгейінде салынып жатқан «Қалқаман» станциясының жанынан 2000 көлікке арналған тұрақ салу жоспарда бар. Қазір жоба аяқталып, құрылысы жүріп жатыр»,- деді басқарма басшысы.

Алматы әкімі Ғани Мырзахановқа полиция департаментімен бірге аталған мекенжайға барып, станция маңындағы көлік қозғалысын қарауды тапсырды.