Алматыдағы көліктің ағынына, үйдің бағасына не әсер етеді?

Алматыдағы көліктің ағынына, үйдің бағасына не әсер етеді?
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтар легі – күн керуені

Алматыны қардан аршу қиын болып тұр

Қар жауғанға дейін алдын ала негізгі магистральдық көшелер сұйық реагенттермен өңделген. Көктайғақтың алдын алу мақсатында сағат 05:00-ден бастап 126 құм таратқыш арқылы көктайғаққа қарсы материалдар (КҚМ) себілді. Сағат 09:00-дегі жағдай бойынша 386 тонна КҚМ пайдаланылды. Тротуарлар мен жалпы пайдаланылатын орындар, қоғамдық көлік аялдамалары мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдері қолмен күреліп жатыр.

Метро неге істемей қалды?

Кептелісі бітпейтін Алматы үшін метро тиімді, жылдам көлік болып тұрғаны рас. Бүгін таңғы уақытта Райымбек бекетінде ақпараттық байланыс желісінің жұмысының ақауына байланысты метро пойыздары қолмен басқару режиміне ауыстырылды. Соған байланысты барлық бекеттерде  пойыздардың жүріс интервалы уақытша ұзарды. Мамандар жөндеу жасап, көп ұзамай үйреншікті интервал қайта қалпына келтірілді.

Оксфорд қазақ тілін оқиды

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасында келісімге қол қойылды.

«Тіл – халқымыз үшін басты құндылықтардың бірі. Бүгін қазақ және ағылшын тіліндегі Oxford Qazaq сөздігін таныстыра отырып, біз жаңа тарихи белеске көтерілеміз. Соның арқасында әлем жұртшылығы біздің мәдениетіміз бен халқымыздың тарихы туралы мол мәлімет білетін болады. Біз қазақ тілін тек қағаз жүзінде ғана емес, мемлекеттік тілді дамытуды цифрландыру арқылы белсенді түрде жүзеге асырамыз», деді Білім және ғылым министрі.

Алматыдан қайтарылған африкалықтар

Олар Қазақстанда жүрген кезінде көші-қон заңнамасын бұзған, атап айтқанда, заңнамада белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан шықпаған. Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ұсталған Африка құрлығы елдерінің 19 азаматы өз елдеріне қайтарылды.

Қазақстандықтарға қолайлы уақыт белдеуі анықталды

Табиғи уақытқа жақын ең оңтайлы нұсқа осы болды. 2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу (UTC +5) қолданылады. Медицина, физиология, география, метрология салаларының мамандары былтыр жыл бойы Қазақстан аумағында қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеп, осындай шешімге келген.

Суға желі салдырған...

Каспий теңізінің табаны арқылы байланыс желісі салынады. Президентке Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің табаны арқылы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасының іске асырылу барысы таныстырылды. Бұл жоба Қазақстанның аса маңызды өңірлік телекоммуникациялық хабқа айналуына, ел аумағынан өтетін халықаралық трафик транзитін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Алматыда Ататүріктің ескерткіші ашылды

Биіктігі 3 метрден тұратын қола ескерткіштің тұғыры граниттен жасалған. Ескерткіштің авторлары қазақстандық мүсіншілер - Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов. Ескерткіш «Ататүрік скверінде» орнатылды.

Алматыдағы көлік ағынына не әсер етеді?

Алматыда жер асты дүмпуі тіркелген күні Sergek ITS жүйесінің деректері қалада көлік қозғалысының күрт өскенін көрсетті. Қозғалыс белсенділігі орта есеппен 4,5 есеге артып, түнгі сағат 01:00-де шарықтау шегіне жетіп, тек таңғы сағат 5-те ғана қалыпты жағдайға оралған. Жер сілкінісінен кейінгі алғашқы сағатта қала жолдарындағы бірегей көліктердің саны 40%-ға артып, келесі сағатта максимум 208 мың бірлікке жетті. Бұл өткен аптаның дәл осы уақытымен салыстырғанда 267%-ға артық. Қаладан шыққан көліктер саны да 152%-ға өскен, ең үлкен өсім 01:00 мен 02:00 аралығында 239%-ды құрады. Сонымен қатар, Алматыда 23 қаңтарда бірінші ауысымындағы сынып оқушылары үшін сабақтардың тоқтатылуына байланысты таңертеңгілік көлік қозғалысы төменделгені тіркелген. Алайда, орташа жылдамдық 25 пайызға артқан.

Алматыдан қай үйді сатып алуға болмайды?

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, бүгінше бұл тізімде 45 тұрғын үй кешені бар. Тізімге құрылысы әлі басталмаған рұқсат құжаты жоқ нысандар да кірді. Басқарманың дерегінше, осындай ТҮК бойынша ұсыныстар интернет ресурстардың мониторингі нәтижесінде анықталады. Жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының +7 705 89 66 000 WhatsApp анықтамалық желісі бойынша ТҮК құжатының бар-жоғына көз жеткізуге болады.