Алматыдағы балаларға арналған жаңа жылдық іс-шаралар

Алматыдағы балаларға арналған жаңа жылдық іс-шаралар
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Қаланың әртүрлі аудандарындағы ашық алаңдағы концерттік-ойын-сауық бағдарламаларынан бөлек мегаполис тұрғындары мен қонақтарына қаланың көрнекті мәдени нысандарында өтетін жаңа жылдық қойылымдарды тамашалауға мүмкіндік бар, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Қазақ мемлекеттік циркінде 2024 жылдың 14 қаңтарына дейін Golden Dragon бағдарламасы өтеді. Көрермендердің назарына әуедегі өнер, сиқырлы құбылулар, шимпанзе-акробат, сондай-ақ Еуропаның үздік әртістері өз өнерін ұсынады. Цирк қойылымы демалыс күндері сағат 16:00-де өтеді. Билет құны 1 500 теңгеден басталады.

Мемлекеттік қуыршақ театрында «Жарқырай түс, Жаңа жыл!» атты бағдарлама қойылымы басталды. Жас көрермендер мен олардың ата-аналарын Аяз Ата мен Ақшақардан басқа Хаги-Ваги, Киси-Миси, Тикток, YouTube, Cameraman, TV-man және т.б сүйікті кейіпкерлері күтеді.

Қойылым 24-30 желтоқсан аралығында күн сайын сағат 16:00-де, жекелеген және қосымша көрсетілімдер сағат 10:00-де немесе 12:00-де өтеді. Жаңа 2024 жылы бағдарламаны 7 қаңтарға дейін ұзарту жоспарлануда. Билет құны 3 000 теңгеден басталады.

Республика сарайында 27 және 28 желтоқсанда сағат 12:00 мен 17:00-де «Мұзды жүрек» ойын-сауық-танымдық бағдарламасы өтеді. Кейіпкерлер қызықты шытырманға тап болады: элементтер, мистикалық тұрғындармен кездесу, Элизаны құтқару, сиқыршыны жеңу және Мэридің жаңа досының көңілінен шығу. Қойылым барысында актерлер залға шығып, ойнап, балалармен араласады. Билет құны 5 000 теңгеден 30 000 теңгеге дейін.

Сондай-ақ, 3 және 4 қаңтарда республика сарайында Мұрат Мутурғановтың «еліміздің үздік жаңа жылдық шоуы» қойылады. Шоуда кәсіби актерлер, цирк әртістері – жонглерлер, акробаттар, гимнасттар, сиқыршылар, сайқымазақтар, эквилибристер; балет әртістері; бишілер; жарық шоуы мен талантты балалар өнер көрсетеді. Билет құны 2 000 теңгеден 18 000 теңгеге дейін.

Сондай-ақ, отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін басты жаңа жылдық концерт 31 желтоқсан күні сағат 22.00-де Астана алаңында өтетінін еске саламыз. Кіру тегін.