Алматыда туберкулезге экспресс диагностика жасайтын орталықтар жұмыс істейді

Алматыда туберкулезге экспресс диагностика жасайтын орталықтар жұмыс істейді
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматының Наурызбай және Түрксіб аудандарында өткен жылдан бері туберкулезге экспресс диагностика жасайтын орталықтар жұмыс істейді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласындағы фтизиопульмонологиялық орталық директорының міндетін атқарушы Қазима Қажыкенова еліміздің ең үлкен мегаполисінде туберкулездің қалай анықталып, емделетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Медицина маманының айтуынша, Алматы қаласында да, республика көлемінде де туберкулезге қарсы күреске ерекше көңіл бөлінуде. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен қатар, 2022 жылдың желтоқсанда Алматы қаласының әкімдігі 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасын бекітті, онда фтизиопульмонологиялық қызметтің кадрлық әлеуетін күшейту туралы, туберкулезді анықтау мен емдеудің заманауи әдістерін қолдану туралы, балалар мен ересектер арасында туберкулезді алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізу туралы және туберкулезге қарсы күресте азаматтық қоғамның рөлін күшейтуді қамтыйтын  іс-шаралар бекітілді.

«Алматы қаласында КВИ індетінің теріс әсеріне қарамастан, туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуал сақталуда және негізгі көрсеткіштер республикалық орташа деңгейдегі көрсеткіштерден төмен. Соңғы 5 жылда Алматы қаласында туберкулезбен ауыру көрсеткіші 35,1%, ал туберкулезден болатын өлім көрсеткіші 25,1% пайызға төмендеді», - деп хабарлады Қазима Қажыкенова. 

Жаңа жұқтыру жағдайларын емдеудің тиімділігі де 87%-дан асты. Өткен жылы туберкулезбен ауыратын 876 науқасқа әлеуметтік қолдау көрсетілсе, Алматы қаласының әкімдігі туберкулезбен ауыратындарға ай сайын 35 000 теңгеден ақшалай көмек көрсетуде. Үкіметтік емес ұйым науқастарға жол жүру билеттері, азық-түлік пакеттері және ақшалай төлемдер түрінде көмек көрсетеді.

«Молекулалық-генетикалық әдістеріне қолжетімділігін кеңейту үшін 2022 жылдан бастап Наурызбай (№36 ҚЕ) және Түрксіб ауданындағы (№24 ҚЕ), туберкулезді жедел диагностикалау орталықтары ашылды, емханаларда G-Xpert аппараты орнатылды», - деп жалғастырды ӨКҚ спикері. 

Бүгінгі күні туберкулезбен ауыруды төмендету көрсеткіштеріне қол жеткізу фтизиатриялық қызмет пен МСАК жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарының арқасында мүмкін болып отыр.