Алматылықтарға туберкулез уақтылы анықталғанда емделетіні айтылды

Алматылықтарға туберкулез уақтылы анықталғанда емделетіні айтылды
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Мегаполисте туберкулезбен күрес айлығы басталды. Осыған орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденовтың қатысуымен ӨКҚ алаңында брифинг өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Маманның айтуынша, туберкулез - ауа арқылы науқас адамнан жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде жұғатын инфекциялық ауру.

«Адам бұл ауруды жұқтырған болуы мүмкін, бірақ соған қарамай, туберкулез бактериясы ағзада ұзақ жылдар бойы өмір сүре алады және білінбеуі мүмкін, өйткені дененің иммундық жүйесі аурудың одан әрі дамуына кедергі келтіреді. Иммундық жүйе бактериялардың көбеюіне төтеп бере алмаған кезде адамдар ауырады», - деді М.Әденов.

Аурудың туындауына жеткіліксіз немесе толықтай тамақтанбау, темекі шегу, алкоголь немесе есірткі, ауыр физикалық еңбек күйзелісі, созылмалы аурулар себептері болуы мүмкін.

Маман ауруды келесі белгілермен анықтауға болатынын қосты: 2 аптадан астам жөтел, салмақ жоғалту, тершеңдік, кеудедегі ауырсыну, қан түкіру (сирек), жалпы әлсіздік және тез шаршау, ұзақ уақыт бойы дене температураның көтерілуі.

«Екі апта бойы аталған белгілердің біреуі немесе бірнешеуі байқалса да, сіз дереу тұрғылықты жеріңіз бойынша жақын жердегі медициналық ұйымға хабарласып, туберкулезге тексерілуіңіз керек. Диагностикаға ПТР қақырықты талдау және басқа да зертханалық және клиникалық зерттеулер кіреді», - деп жалғастырды ӨКҚ спикері.

Біздің елімізде туберкулезді тексеру және емдеу толығымен тегін және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылады.

Туберкулез анықталған жағдайда, толық емдеу курсынан өту қажет және барлық байланыста болған адамдар көрсеткіштері бойынша профилактикалық емдеу курсынан өтуі керек. Туберкулез дер кезінде анықталып, толық емдеу курсымен емделеді. Туберкулезді сәтті емдеудің кілті - үздіксіз емдеу.

Алматылықтарға иммундық жүйені нығайту, салауатты өмір салтын ұстану, үнемі толыққанды тамақтану, бөлмені жиі желдету, ылғалды тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу кеңесі берілді. Денсаулығыңыз нашарласа, медициналық көмекке жүгініңіз.