Елордада ер адам 10-қабаттан құлап бара жатқан баланы қағып алды

Елордада ер адам 10-қабаттан құлап бара жатқан баланы қағып алды
Сурет: Ашық дереккөзі

Баланы жерге қатты соғылудан сақтап қалды

Елордалық Талғат Әбдіханұлы 10-қабаттан құлап бара жатқан баланы қағып алған. Бұл туралы Almaty- akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлады.

«31 шілдеде сағат 20:50-де құтқару қызметіне жедел жәрдемнен қоңырау түсті. Онда Қабанбай батыр даңғылы, 42 мекенжайында орналасқан үйдің 10-қабатынан бала құлағаны айтылған. Биіктен құлаған бала 2017 жылы туған. Оны сол үйде тұратын 1988 жылғы азамат жолай өтіп бара жатып кездейсоқ көріп, дереу баланы қағып алуға тырысқан. Ол осылайша баланы жерге қатты соғылудан сақтап қалды. Дегенмен бүлдіршін қазір №2 аурухананың жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр», – делінген хабарламада.

Департамент өкілдері баланы құтқарып қалған Талғат Әбдіханұлын марапаттауды жөн көріп, оған хабарласқан.

Алайда, ол бүлдіршіннің ауыр халде жатқанын алға тартып, марапаттан бас тартыпты.