Алматыда "Сүйемін сені, Алматы" фестивалі өтті

Алматыда "Сүйемін сені, Алматы" фестивалі өтті
almaty.tv

Алматы қаласының Мәдениет басқармасы мегаполис тұрғындары мен қонақтарына Қала күнін атап өту аясында түрлі мерекелік бағдарлама әзірлеп қойды, соның ішінде ерекше атап өтуге тұрарлығы «Сүйемін сені, Алматы» деген символикалық атауы бар street festival.

Жүрегі Алматы деп соққан кімнің болсын қала тарихынан хабары болмауы мүмкін емес. Шаһардың өзіне тән атмосферасы, қалыптасу жолы бар. Қызық аңыздары да жетерлік. Сондықтан да фестивальдің негізі қала тарихына өрілген. 1940-жылдардан бастап бүгінге дейін болған жарқын оқиғалар, кейіпкерлер әдемі көрме, қойылымдар арқылы беріледі.

Тұрғындар мен қала қонақтарын ерекше көңіл-күйге бөлеу үшін концерттер мен би алаңдары да ұйымдастырылған. 

Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрынан басталып, Панфилов көшесін бойлай ұйымдастырылған өнер базары Абай алаңында да жалғасты. Мұнда қазақ вальсінің атасы Шәмші Қалдаяқовтың туындылары шырқалып, дәстүрлі әндер орындалды. 

Сонау 1969-жылы тұсауы кесілген «Тақиялы періште» фильміне арналған бұрыш та көптің назарына ерекше ілінді. Жұрт суретке түсіп, сол кездерді еске алып жатыр. Мұнда фильмді еске салатын түрлі реквизиттер бар. Тіпті Тайлақтың өзі осында.

Көше суретшілері мен арт-базарларға арналып шатырлар да тігілген. Ал балаларға базарлық ретінде «Алдар Көсе» қойылымы сахналанды.