Вайнерлер бес жылға сотталуы мүмкін

Вайнерлер бес жылға сотталуы мүмкін
Сурет: Qazaqstan.tv

Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Даулы іс онлайн режимде қаралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Хабар 24» арнасының ақпараты бойынша, айыпталушылар қатарында барлығы 12 адам, оның ішінде вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. Тағы бір вайнер Әзімжан Саидбаев әлі іздестіріліп жатыр.

Прокурор соттан Төребаев пен Шерниязовқа тағылған айыптардан ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы туралы бапты алып тастауды, бірақ қаржы пирамидасы бабы бойынша айыптауларды қалдыруды сұрады. Ал қалғандарына қаржылық пирамида құрды және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деген бастапқы айыпты қалдырды.

Сотталушылардың арасында Mudarabah Capital-дың бас директоры Руслан Бұрқанов та бар. Прокурор оны 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушылар кінәсі дәлелденсе, жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтейтін болады. Ал вайнерлер Төребаев пен Шерниязов 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.