Алматыда Абай күні аталып өтуде

Алматыда Абай күні аталып өтуде
almaty-akshamy.kz

Алматыда 10 тамызда Абай Құнанбаевтың туған күнінде қазақтың ұлы ақыны, ойшылының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Мерекелік рәсім Абай алаңында өтті. Іс-шараға ақындар, жазушылар, қоғам қайраткерлері және т.б. қатысты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Келесі іс-шара Алматы музейінде «Абай мұрасы – халық қазынасы» жылжымалы көрменің ашылу салтанатына жалғасты. Музейде Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты экспонаттар қойылған. Сондай-ақ, ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлы, Абайдың ақындық мектебі мен 80 жылдан астам тарихы бар ақынның музейі туралы материалдар ұсынылған.

Бұған қоса, бұл күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері метроға түсіп, ұлы ақынның шығармаларын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындады.

Кешке «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Күн артынан күн туар» театрландырылған концерт өтеді: хор мен оркестрлік топ «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның әні», «Қараңғы түнде тау қалғып» және басқа да көптеген әндерді орындайды. Сахна аясында ақынның туған жеріне барған сапарлардан бейнематериалдар мен музейлерден мұрағаттық материалдар көрсетіледі.

Еске салсақ, биыл Қазақстанда ұлы ағартушы Абай Құнанбаевтың туғанына 177 жыл толуы аталып өтуде. Абай күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 тамыздағы қаулысына сәйкес, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енді.