Сүттен анализ алады

Сүттен анализ алады
Cурет: Алматы облысы әкімдігі

Алынған шикізат алдымен зертханада талданады.

1940-шы жылы іргетасы қаланған Қаратал ауданындағы зауыт бүгінде қанаты қомдаған кәсіпорын. 1996 жылы «Айдын» АҚ болған май зауыты, 1998 жылы өндірістік кооператив болып түрленеді. Ал 2002 жылы «Үштөбе-Айдын» ЖШС ретінде нық бекіді. Содан бері үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан өнеркәсіптің тасы өрге домалап, өнімдерімен тұтас Жетісу жерін қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
 
Қазіргі таңда аталған серіктестік күндігіне 10-12 тонна сүт пен ашыған сүт өнімдерінің 16 түрін шығарады.  
Негізгі шикізат көзі - сиыр сүті. Кәсіпорын сүтті одан әрі өңдеу үшін шаруа, фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерден сатып алады. Серіктестік қажетті сүтті өздерінің көліктерімен тасымалдайды. Алынған шикізат алдымен зертханада талданады.

«Сүттен анализ аламыз. Онда өнімінің қышқылдығын, тығыздығын, майлылығын тексереміз. Артынша қайнатып, органикалық сапасын бақылаймыз. Зерттеу нәтижесі жақсы шықса ары қарай пайдалануға рұқсат етіледі. Айтып өтейін, біздегі сүт өнімдері табиғи шикізаттан жасалатын болғандықтан жарамдылық мерзімі үш күн ғана»,-деді «Үштөбе-Айдын» ЖШС-нің зертхана маманы Толқын Болысбекова.

Кәсіпорында күніне 500-600 кг ірімшік нарыққа жөнелтіледі. Ал, жалпы зауытта 4 цех дамылсыз жұмыс жасайды. Онда 85 қызметкер еңбек етеді. «Үштөбе-Айдын» ЖШС әлеуметтік маңызы бар сүт өнімдерін өндіру үшін 100% жергілікті еңбек ресурстарын және 100% жергілікті шикізатты пайдаланатын отандық тауар өндіруші болып табылады.
Қазақстанда алғашқылардың бірі болып «Үштөбе-Айдын» ЖШС йод жетіспеушілігінің алдын алу және Қазақстан Республикасының тұрғындарында йод алмасуын реттеу үшін «ақылды өнімдер», яғни йодталған ақуызбен байытылған сүт және қышқыл сүт өнімдерін өндіруді игерді. 
Зауыттағы 16 түрлі тауардың ішіндегі ең әйгілісі - «Үштөбе балмұздағы».
Дәмі тіл үйіретіні сонша 1999 жылдан бері тұтынушысынан айырылмаған өнімдердің ішінде бірегейі. Аға буын «балалық шақтың дәмі» деп еске алатын бұл балмұздақ, «Үштөбе-Айдын» ЖШС-нің негізгі төлқұжаты десек артық айтқандық емес. 
Алматы облысының халқын табиғи өніммен қамтамасыз етіп отырған жетекші кәсіпорынның Талдықорған, Текелі, Үштөбе, Қарабұлақ, Балпық би қалаларында орналасқан фирмалық дүкендері бар, онда сүт өнімдері өндірушінің бағасымен сатылады.
Сондай-ақ, 1999 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін "Үштөбе-Айдын" ЖШС Алматы қ., Талдықорған қ., Қарабұлақ к., Текелі қ. және Үштөбе қ. мекемелеріне азық-түлік өнімдерін Мемлекеттік сатып алу бойынша сүт өнімдерін жеткізуді жүзеге асырады. Сүт өнімдерін үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін 31 бірлік арнайы автокөлік бар.

«Тұтынушылардың үдесінен шығу үшін қолдан келгенді жасаймыз. Өнімнің сапасына, қаптамасына, сыртқы дизайнына аса мән береміз. Алдағы таңда қажетті құрыл-жабдықтарды алып келу жоспарланған. Жаңа технологиялардың көмегімен өндіретін заттың көлемін арттырып, нарықтағы орнымызды одан ары нығайтсақ деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орнын ашуда көзделген »,-дейді «Үштөбе-Айдын»ЖШС басшысы Константин Савинов.