Алматыда 50 адам турфирмалардың біріне алданып қалды

Алматыда 50 адам турфирмалардың біріне алданып қалды
Сурет: Tengrinews.kz

«Туристік агенттік 45 млн теңгеге алдады»: алматылықтар бейнеүндеу жариялады.

Зардап шеккендердің бірі Іnstagram-дағы өз парақшасында бейнеүндеу жариялады. Оның айтуынша, биыл жазда олар шетелде демалу үшін «Imagine Events» туристік компаниясына жүгінген. Компания қызметкерлері клиенттерге Түркия, Мальдив аралдары, Черногория, Мысыр және басқа да бағыттарға тур сатқан. Алайда белгіленген күні олардың ешқайсысы билет алмаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазірге дейін 50 зардап шегуші жиналған. Алдын ала келтірілген шығын көлемі 45 миллион теңгеден асады. Бірақ бұл көрсеткіш екі есе көп болуы мүмкін.

Алматы полиция департаменті зардап шеккендердің арызы қабылданғанын мәлім етті.

«Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі («Аса ірі көлемдегі алаяқтық») бойынша қылмыстық істің материалдары өндірісте жатыр. Істің мән-жайын анықтауға және болашақта кінәлілерді жауапкершілікке тартуға бағытталған қажетті жедел-іздестіру шараларының кешені жүргізілуде», - деп хабарлады полициядан.