Алматыда 114 мопед жүргізушісіне 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынды

Алматыда 114 мопед жүргізушісіне 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынды

6 айда Алматыда мопедтер мен электросамокаттардың қатысуымен 77 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті.

Алматыда 114 мопед жүргізушісіне бір тәулікте 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұрын хабарланғандай, көктем, жаз кезінде Алматы полициясы жекелеген көлік түрлерінің қозғалысын қадағалауды күшейтеді, бұл қаладағы жол-көлік оқиғаларына да әсер етеді. Мәселе альтернативті көлік туралы болып отыр, оның ішіне мопед, мотоцикл, скутер, самокат және тағы басқалары кіреді.

«Жазғы кезеңнің басталуымен мопедтер мен электросамокаттарды тізгіндеушілердің саны артты және соның салдарынан олардың қатысуымен болатын ЖҚЕ бұзу саны да көбейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мобильді көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны 4 есеге артқан. Баламалы көлік түрлерін пайдаланатын адамдардың ҚР ЖҚЕ бұзу деректерін анықтау бойынша жұмыс күшейтілді. Мәселен, алдын алу іс-шарасының бір күнінде алдыңғы шептегі бөлімшелер, мопед жүргізушілері жасаған ҚР ЖҚЕ бұзудың 114 дерегін анықтады. Құқық бұзушылар ӘҚБтК-нің 615-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 698 мың 364 теңгені құрады», – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.

Спикердің айтуынша, биылғы жылдың 6 айында Алматыда мопедтер мен электросамокаттардың қатысуымен 77 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 81 адам жарақат алса, тағы біреуі қайтыс болды. Самокат пен скутерде балалардың қатысуымен 21 ЖКО тіркеліп, салдарынан 23 бала жарақат алды.