Алматы мен Атырау арасында тағы бір қосымша рейсті жолға шығарады

Алматы мен Атырау арасында тағы бір қосымша рейсті жолға шығарады
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Пойыз Алматыдан ертең, 19 сәуірде аттанса, Атыраудан 21 сәуір күні кері қарай жүреді.

Су тасқыны болып жатқан өңірлерге және сол өңірлерден адамдарды тасымалдау үшін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы Алматы мен Атырау арасында тағы бір қосымша рейсті іске қосып отыр, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 
Компания мәліметінше, №215/216 "Алматы-Атырау" пойызы келесі кестеге сәйкес қатынайды:

Алматыдан 19 сәуірде сағат 13:40-та жөнелтіліп, Атырауға 21 сәуірде сағат 15:32-де келеді;
Атыраудан 21 сәуірде сағат 23:16-да жөнелтіліп, Алматыға 24 сәуірде сағат 03:50-де келеді.

"Қабылданып жатқан шаралар 700-ден астам жолаушыны қосымша тасымалдауға мүмкіндік береді. Қосымша пойызға билеттерді сату 17 сәуірде басталды. Билеттерді комиссиясыз bilet.railways.kz сайттан және вокзалдың билет кассаларынан сатып алуға болады. Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бойынша анықтамалық ақпаратты "1433" тегін нөмірі бойынша ала алады", – делінген компания хабарламасында.

Еске салайық, дәл осындай, бірақ бір бағыттағы, яғни Атыраудан Алматыға қатынаған қосымша рейс 14 сәуірде де іске қосылған болатын. Пойыз жолаушыларын Алматыға 17 сәуірде жеткізді.