Алматы әуежайындағы көлік қозғалысы өзгеруі мүмкін

Алматы әуежайындағы көлік қозғалысы өзгеруі мүмкін
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Әуежай президенті Алп Ер Тунга Ерсой жиі шағым түсетін басты мәселелердің бірі – көлік кептелісі қалай шешілетінін айтып өтті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Өкінішке орай, қазір көліктер әуежайға Майлин көшесінен кіреді және осы көшеден шығады. Бұл әуежайға кіру және шығу кезінде кептеліс тудырады. Алайда біз қазір қала әкімдігімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Біз көліктер Ахметов көшесінен кіріп, ал Майлин көшесінен шығатындай жолдарды өзгерту жөнінде ұсыныс жасадық. Бұл мәселе қазір урбанистермен де, әкімдікпен де бірлесіп пысықталуда. Шешім қабылданғаннан кейін біз қосымша хабарлаймыз, – деді Алп Эр Тунга Ерсой.

Сондай-ақ оның айтуынша, бүгінде Алматы әуежайының аумағына күн сайын 16 мыңға дейін автокөлік келеді. Олардың   65%-ы жолаушылар әкелетін не алып кететін көліктер.

Біз жолаушыларды түсіру және отырғызуға арналған қосымша жолақ жасадық. Бірақ, жүргізушілердің көпшілігі, әсіресе қарбалас уақытта, әуежай аймағындағы ережелерді сақтамайды. Олар көлікті жолдың ортасында қалдырып кетеді немесе жол ортасына тоқтап, адамдарды түсіреді. Бұл қосымша кептелістің қалыптасуына әсер етеді. Ал жаңа терминалға келетін болсақ, оны іске қосқаннан кейін бізде көліктерге арналған үш қосымша жол желісі және 1200 орындық автотұрақ болады, – деп атап өтті әуе айлағының басшысы.