Қазақ өнерпаздары Түркияда өнер көрсетті

Қазақ өнерпаздары Түркияда өнер көрсетті
Сурет: Zhasalash.kz

Түркияның Мерсин провинциясына қарасты Торослар ауданында қазақстандық «Тұран» этно-фольклорлық тобының концерті өтті.

ХХ Мерсин халықаралық музыка фестивалі аясында өткен кеште түркі халықтарының ескі туындыларымен қатар, заманауи шығармалар да орындалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Түркиядағы тарихи сериалдарда жиі ойналатын қазақ күйлері арқылы «Тұран» тобының шығармашылығымен жақсы таныс жергілікті көрермен өнерпаздарға қошамет көрсетті. Тіпті Торослар мэрі Атсыз Афшин Йылмаз, қазақстандық топпен бірге сахнада ән салып, көрерменнің ілтипатына бөленді. Концерттен соң жергілікті басшылар қазақ өнерпаздарына сый құрметтерін көрсетіп, сыйлықтар тарту етті.

"Біз осы аумалы-төкпелі әлемде Түркі мемлекеттері ұйымының белсенділігі арқылы әлеуметтік, саяси-экономикалық және мәдени қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытуымыз керек. Мұстафа Кемал Ататүрік айтқандай, ұлтымыз бен мемлекетіміздің одан әрі мықты болуы үшін шығыс пен батысты жақындатуымыз қажет. Біздің күшіміз - бірлікте. Концертке қатысқан барша жерлестеріме алғыс айтамын", - дейді Торослар мэрі Атсыз Афшин Йылмаз.