Алып мегаполистің бас басылымы

Алып мегаполистің бас басылымы
Суреттерді түсіргендер Самат СЕРІКБАЙҰЛЫ. Қайрат ҚОНЫСБАЕВ

«Almaty aqshamy» 35 жыл бойы жаңалықтың, жақсылықтың жаршысына айналып келеді


 Бағыты байсалды, қазақ медиакеңістігіндегі орны бөлек басылым деген тұжырымды «Almaty aqshamy» газетіне қарата айтуға болар. «Газеттен газеттің не айырмашылығы болушы еді, тәйірі, бәрі негізінен елдегі әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайлар мен қоғам өмірі туралы сөз қозғайды емес пе» дерсіз. Иә, солайы солай ғой, бірақ айтудың да түрі, жазудың да жөні бар.

Бір қарағанда, жәй ғана ресми басы­лымдардың санатына жатқыза салуға бола­тын баспасөз түрін несімен айшықтап,несімен ерекшелер едік. Енді соған аз-кем тоқтала кетсек.

Қазақта «қолына қан шеңгелдеп туған бала» туралы айтылатын әфсаналар аз емес. Шыр етіп дүниеге келген кезде көзін ашпай жатып-ақ ел назарына іліккен ондай балалар тегін болмаған. «Almaty aqshamy» газетінің тағдыры да тура сондай.

Бұл әуелі халықтың құрсағында жатты. Қанша күн, қанша ай, тіпті қанша жыл жатқаны бір Құдайға ғана аян. Толғағы да аз болған жоқ. Өткен ғасырдың 80-жылда­рының аяғына таман Алматыда жергілікті халықтың үлес салмағы біртіндеп арта бастаған болатын. Оның үстіне, қылышы­нан қан тамып тұратын Кеңес Одағында да сол уақыттарда түрлі оң өзгерістер болып жатты. Жариялылық, қайта құру деген саясаттар Одақта бас қосқан барлық рес­публикаларға да қозғау сала бастағандай болды.

Бұл орайда, әсіресе, біздің Қазақстаны­мыздың зиялы қауым өкілдері ерекше көш бастады. Ұлтымыздың тарихы мен бола­шағы жайында батыл ойлар айтылып, жа­зыла түсті. 80-жылдардың аяғына қарай елдегі саяси жағдайдың бағыт-бағдарында болып жатқан өзгерістер өзінің мол ықпа­лын тигізді. Ел бостандығы мен ұлттық мүдде жолындағы талпыныс нышандары біртіндеп орталық бұғауын бұзуға жол аша бастаған еді. Не керек, сол кездегі астана­мыз – Алматыға қазақ тіліндегі қалалық газет қажет екені үлкен мәселе болып кө­теріліп жатты. Осындай қозғалыстардың арқасында «Almaty aqshamy» газеті дүние­ге келген болатын. «Ақшам» деген сөздің өзіне сол кезде үрейлене қарағандар да болмай қалмады. Оны дінге қатысты атау­ға балап, аяқтан шалғысы келді. Бұл мәсе­леге Қазақстан Орталық партия коми­тетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің өзі нүкте қойды. Республикалық «Ле­ниншіл жас» («Жас Алаш») газетінде «Ақ­шам» деген бет баяғыдан бері бар болатын. Сол тұста ол да тірек болды. Әйтеуір қа­зақтың әлімсақтан келе жатқан арда сөзін қазақ зиялылары әрең дегенде арашалап қалды.

Газет ең алғаш 1988 жылы 1 шілдеде «Вечерканың» ішіндегі қосымша аударма­сы болып жарық көрді. Бюллетень секілді хабарландыру, ресми ақпараттан көз сүрі­нетін айқара беттер оқырман есінде болар. Газет екі жылдан соң, 1990 жылы 17 ақпан­да ғана дербес отау болып бөлініп шықты. Қазіргідей газет пен журнал қаптаған за­ман емес, ол жылдары қазақша басылым­ның жарық көруі деген сенсация, дүмпуге айналатын. «Алматы ақшамы» арпалыс­пен, азаппен жарық көрді. Әлі де Мәс­кеудің мысы басып, соған қарап қол жа­йып, бата сұрайтын кез. «Ақшамның» жеке-дара газет болып жарыққа шығуын­да қоғам мен қауымды дүр сілкінтіп кел­ген айтыс өнері үлкен рөл атқарып кетті. 1989 жылы наурызда өткен айтыста Әсел­хан мен Әзімбектің сөз сайысына «Алма­ты ақшамы» арқау болды. Әселхан Қалы­бекова:

Рахмет, құттықтаулар қаулар тағы,

Әйтсе де, басылмайды даулар жағы.

Әйтеуір зиялылар оқып жүр ғой,

Күніге «Вечеркадан» аударманы, – дейді. Сонда Әзімбек Жанқұлиев:

Жеңеше, жібердіңіз оталдырып,

Шын қайны Әселханға атандырып.

Сол «Ақшам» шіркін, жеңеше,

шықса, қайтер,

Бөлініп өз алдына отау құрып, – дейді жұлып алып. Осыдан кейін Сырбай Мәуленов пен Рахманқұл Бердібаев баста­ған ынталы топ құрылып, осы мәселеге қайта кіріседі. Міне, «Almaty aqshamy» осындай тартыспен, ұлтжанды азаматтар­дың табан тіреп, қажырлылық танытуы­ның арқасында дүниеге келген басылым. Оған белгілі журналист, білгір басшы Ис­ламғали Бейсебаев редактор болып таға­йындалды. Содан бері үзіліссіз шығып келе жатқан басылымға 1992–2005 жылдар аралығында қарымды қаламгер Ерғали Сағат жетекшілік етті. 2005–2020 жылдар аралығында көрнекті көсемсөзші Қали Сәрсенбай бас редактор болды. «Ақ­шамның» алғашқы толқынының өкілі, га­зетіміздің тағдырында өзіндік орны бар талантты журналист, өзі өмірден ерте озса да қайталанбас қолтаңбасымен қазақ поэ­зиясының антологиясына енген белгілі ақын Қайрат Әлімбек жырлағандай, «Еліміздің бақ-сәнін кіргізіп, талай-талай «ақтаңдақтарды» ашып, өмірге келген, халқына нұрын төккен «Almaty aqshamy» содан бері 35 жыл бойы жаңалықтың, жақ­сылықтың жаршысына айналып келеді.

2020 жылдан бері газетіміз өзінің бауырлас басылымы «Вечерний Almaty» газеті екеуі жаңадан құрылған «Alatau Aqparat» медиахолдингінің құрамына кірді. Бас директор Төлеміс Күлмұхамедов қос газеттің бағытын уақыт талабына сай жаңа арнаға бұрып, оқырманмен арадағы жанды байланысқа барынша көңіл қойды. 2023 жылғы сәуірде медиахолдингке жас буынның танымал өкілдерінің бірі Ержан Қалымбайұлы бас директор болып келісі­мен ұжымның жаңа стратегиялық бағдары қалыптасты, дәстүрлі журналистикаға да, заманауи өркениетті журналистика мен креативті көзқарасқа да сұрапыл серпін беретін тың бастамалдар мен ілкімді өз­герістер, қоғамдық сананы селт еткізер үмітке толы үрдістер қолға алынып жатыр. Бұлар – бөлек әңгіме желісі. Келешектің кілті.

Қоғамның сан саласын қамтитын 100-ден астам айдары бар «Almaty aqshamy» газеті бүгінде халық пен биліктің арасын­дағы шын мәнісіндегі алтын көпірге айна­лып отыр. Оқырмандармен екі арада да түрлі игі шаралар ұйымдастырып келеді.

«Alatau Aqparat» ЖШС ұйымдастырған «Almaty aqshamy» мен «Вечерний Almaty» газеттерінің тұрақты оқырмандарына ар­налған байқау, жалпы, газет оқырмандары арасында ұтыс ойынын өткізу де қос басы­лымның дәстүріне айналған. Қала тұрғын­дары ұтысқа қатысып, бақтарын сынайды.

Иә, газет тіршілігі қыз-қыз қайнап жа­тыр. Жанашыр оқырман көп болсын дейміз.

Оқырманмен байланыс дегеннен шыға­ды, газетіміздегі «Ақшам» арқылы айта­мыз» деген айдарымызды оқырмандардың өздері шығарып тұрады деуге болады. Қа­лада қандай мәселе бар, үйіңіздің жанында қандай өзгеріс болып жатыр – бәрі осы ай­дарымыздың жүгі. Қала тіршілігінің жақсы­лығы да, әттеген-айы да қатар өріліп отыра­тын бетте көтерілген мәселелерге орай тиісті орындар жауап беріп тұрады. Жанды байланыс, кері байланыс деген нәрселерді осыдан да аңғаруға болады. Жалпы, «Ақ­шам» кейінгі кезде оқырмандары ой сала­тын басылымға айналып келеді.

Төрехан
ДАНИЯРОВ