Алғашқы қоңырауға мерекелік агенттіктерді, әртістерді, ақылы жеке студияларды тартуға рұқсат етілмейді

Алғашқы қоңырауға мерекелік агенттіктерді, әртістерді,  ақылы жеке студияларды тартуға рұқсат етілмейді
Сурет: Kaspisport.kz

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі 1 қыркүйек күні өтетін "Алғашқы қоңырау" шарасын ұйымдастырудың тәртібі туралы түсіндірме таратты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қыркүйектің бірінші күні білім беру ұйымдарында білім күніне арналған салтанатты жиын өтеді. Өңірлік білім басқармалары жаңа 2022-2023 оқу жылын жариялайтын іс-шараның жоғары идеялық-құндылық мазмұнын қамтамасыз ету мақсатында қажетті іс-қимылдарды үйлестіреді», - деп жазылған мәліметте.

Сондай-ақ салтанатты жиын өткізу кезінде бірқатар мерекелік рәсім өткізуге рұқсат етілмейтіні айтылған.

«Салтанатты жиынды өткізу түрін, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары дербес айқындайды. Аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін ақылы жеке студияларды тартуға; мерекелік дастархандар жаюға; мектеп ғимараты мен аумағын шарлармен безендіруге рұқсат етілмейді.

Мемлекеттік Туды алып шығу және Гимнді орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану тәртібіне сәйкес жүргізіледі», - деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.

Министрлік БАҚ-та тараған кейбір мәліметтер туралы да түсініктеме берді.

«Балаларға экологиялық тәрбие беру, қоршаған ортаны ластамау, табиғат пен жануарларға қамқор болу мақсатында салтанатты жиын кезінде шарлар мен көгершіндерді пайдалану ұсынылмайды», - деп жазылған ресми мәліметте.