Әкіммен кездесу: «Ақбұлақ», «Өжет» және «Самғау» шағын аудандары бойынша сумен қамту желілері салынуда

Әкіммен кездесу: «Ақбұлақ», «Өжет» және «Самғау»  шағын аудандары бойынша сумен қамту желілері салынуда
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алатау ауданында 18 канализациялық сорғы станциясын салу қажет.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазіргі уақытта «Ақбұлақ», «Өжет» және «Самғау» 3 шағын аудан бойынша сумен қамту желілері салынып, оларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Қосымша 6 шағын ауданда жалпы ұзындығы 207 км болатын орталық сумен қамту және су бұру желілері салынып жатыр.

"Осы жылдың соңына дейін Шапағат, Қарасу, Алғабас шағын аудандарының тұрғындары су құбыры желілеріне қосыла алады.

Сондай-ақ, 10 канализациялық сорғы станциясы және Шаңырақ-1 шағын ауданында (3500 абонент, 100 км) сумен жабдықтау және су бұру жұмыстарын тездетіп аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қалған шағын аудандар бойынша жұмыстарды 2023 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарда", - деді қала әкімі.

Сонымен бірге, осы жылдың қыркүйек айында «Теректі» шағын ауданында 44 км су және 32 км канализация желілерінің құрылысы басталады. Бұл жұмыстар 2024 жылдың желтоқсанына дейін жүргізіледі.

Бүгінде су канализация жүйесінің жұмыс істеуі үшін ауданда 18 канализациялық сорғы станциясын салу қажет.

Алматы қаласының әкімдігі осы станцияларды салу және іске қосу үшін кедергі келтіретін құрылыстар орналасқан жер учаскелерін кезең-кезеңімен алу туралы шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта Шаңырақ-2 шағын ауданында 4 учаскені алу жұмыстары жүріп жатыр. 3 учаскеде жұмыстар жүргізілуде, жабдыққа тапсырыс берілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген.

Канализациялық сорғы станцияларының құрылысы аяқталғанға дейін Алатау ауданының әкімдігі осы шағын ауданда ассенизаторлық машиналарды пайдаланып, септиктер мен канализация жүйелерін тазалауды қамтамасыз етеді.