Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады

Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады
Сурет: Iacis.ru

Семей ядролық қауіпсіздік аймағы (СЯҚА) құрылады.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасын талқылау кезінде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Проблемаларды шешу мақсатында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы әзірленіп, тиісті ұсыныстар жасалып отыр. Осы орайда бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонындағы жұмыстардың орындалуына жауапты ұйымды тағайындау, кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша нормативтен тыс радиациялық ластанған аумақтардың және шартты таза жерлердің шекаралары мен ауданын айқындау ескерілген», - деді Б. Ақшолақов.

Заң жобасында нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған аумақтарда арнайы құқықтық режимі бар Семей ядролық қауіпсіздік аймағын (СЯҚА) құру және оларды уәкілетті ұйымға пайдалануға беру көзделеді. Мұнымен қоса, бұрынғы полигонның ластанған учаскелерін оңалту, аймақ аумағында радиациялық жағдайға мониторинг жүргізу, бұрынғы полигонның шартты таза жерлерін шаруашылық айналымға беруді қарастырған.

«Полигонның нормативтен тыс ластанған жерлерін басқару жөніндегі уәкілетті ұйым ретінде Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы – Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығын тағайындау болжанып отыр. Бұл ұйым 1992 жылы Тұңғыш Президенттің Жарлығымен бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны кешені және тиісті ғылыми ұйымдар мен объектілер негізінде құрылған. Кәсіпорын 30 жыл бойы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, радиоэкология және ядролық инфрақұрылым объектілерін жою саласында ағымдағы қызметін жүзеге асырып келеді және жоғары білікті персоналы, мамандандырылған жабдықтары, дамыған инженерлік-техникалық инфрақұрылымы мен қажетті рұқсат беру құжаттары бар», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бұрынғы Семей полигоны маңында ластанған және таза аумақтардың аражігі ажыратылмағандықтан, жарамды жерлердің едәуір бөлігі пайдаланусыз қалып отыр.