2029 жылға қарай жыл сайын қазақстандық авторлардың 600 спектаклі сахналанады

2029 жылға қарай жыл сайын қазақстандық авторлардың 600 спектаклі сахналанады
Сурет: Egemen.kz

Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясатын дамыту тұжырымдамасын ұсынды.

Құжатта отандық театрларға ерекше көңіл бөлінген. Нысаналы индикаторлардың бірі - қазақстандық авторлардың қойылымдарын үш есе ұлғайту, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

2029 жылға қарай жыл сайын қазақстандық авторлардың 600 спектаклі сахналанбақ. Қойылымдар санының артуы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Мысалы, биыл 245 спектакль қою міндеті тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 62 қойылымға артық.

Тұжырымдама, сонымен қатар инклюзивті топтың балалары үшін театр труппаларын ашуды, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға спектакльдердің онлайн-көрсетілімдерін ұйымдастыруды, жаңа театрлар салуды және жас таланттарды мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі іске асыруды көздейді.

«Еліміздің театр өнерін дамыту - алдағы бірнеше жылдағы басты міндеттеріміздің бірі. Театр біздің азаматтарымызға барынша қолжетімді болуы тиіс. Бұл тек көрермендер үшін ғана емес, сонымен қатар жас талантты драматургтер үшін де керек. Жаңа авторларсыз даму мүмкін емес, сондықтан біздің министрлік жаңа есімдерді танытуға ерекше назар аударады. Мәселен, өткен жылы әдебиет саласындағы «Айбоз» тұңғыш ұлттық сыйлығы табыс етілді. Биыл қазақстандық жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық табысталады», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.