100-ден астам Қазақстан азаматы Израильде көмек сұрап отыр

100-ден астам Қазақстан азаматы Израильде көмек сұрап отыр
Сурет: Aa.com.tr

Олардың бір бөлігі елге қайтып келді.

Қазақстанның 100-ден астам азаматы Израильден елге қайтуға көмектесуді сұрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, қазіргі кезде қазақстандықтарды қақтығыс аймағынан шығару шараларына Израиль, Мысыр мен Иорданиядағы елшіліктер жұмылдырылып отыр.

“16 қазандағы жағдай бойынша Израильдегі Қазақстан елшілігіне 100-ден астам қазақстандық елден кетуге жәрдем көрсетуді сұрады. Олардың бір бөлігі дипломаттардың көмегімен елден кетіп қалды. Кеше 19 азаматымыз, соның ішінде арнайы бағдарламалар бойынша оқыған 15 бала ұшып шықты”, - деді Смадияров бүгінгі брифингте.

Осы орайда министрлік өкілі Тель-Авивтегі әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Кез келген адам билет алып, еліне ұшып шыға алады.

“Бұған дейін репатриациялық рейс болған. Қазір дипломаттар Қазақстанға қайтуға жәрдем көрсетуді сұраған азаматтарға әуе билеттерін қайта брондап, сол елден шығуға көмектесіп жүр. Қазақстан азаматтары арасында жарақат алған және қаза тапқандар жоқ”, - деп атап көрсетті Смадияров.