Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап Түркияда естелік монета шығарылды

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап Түркияда естелік монета шығарылды
Сурет: 24.kz

Мерейтойлық монеталалар үш мың дана болып айналымға түсті. Күміс монетаның салмағы 31 г, диаметрі 33 мм.

Түркияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ескерткіш монеталар шығарылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com-ға сілтеме жасап. 

Тиындардың дизайны Қазақстанның бас консулдығымен бірлесіп әзірленген. Монетаның бірінші бетінде Қазақстанның мемлекеттік туы мен «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» деп жазылған. Сырт жағында Қазақстанның картасы бейнеленген. Реверстің үстіңгі жағында Орхон-Енисей ескерткіштеріндегідей көне түркі жазуымен «Түрік» деген жазу тұр. Монетаны жасаушылар қазақтың қошқармүйіз оюын да ұмытпапты.

«Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қатысты ерекше тарихи белгі қалдырғымыз келді. Ұсынысымызды Түркияның Теңге сарайы қуана қарсы алды. Мына әзірленіп отырған монета - Түркияның Қазақстан Тәуелсіздігіне, мемлекетімізге деген ерекше құрметінің, ілтипатының көрсеткіші. Осы ретте Ыстамбұлда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың жалғаса беретінін айтқым келеді», - дейді Қазақстан Республикасының Ыстамбұлдағы бас консулы Әлім Байел.

«Османлы уақытында негізі қаланған Теңге сарайы ғасырлар бойы еліміздің ақшасын, куәлігін, паспортын, мемлекеттік медальдар мен бағалы қағаздарын басып шығаратын мекеме болды. Бүгін, міне, тұңғыш рет Қазақстанға арнап естелік монетасын шығарып отырмыз. Бауырлас ел Қазақстанның Тәуелсіздігін атап өту - біз үшін де үлкен мәртебе. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!» - дейді Түркияның Теңге сарайының директоры Абдуллаһ Ясир Шахин.