Жұмабек Тәшенов: Маған керегі қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы

Бүгін - мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтің туған күні.  

Тәшенов Жұмабек Ахметұлы 1915 жылдың 20 наурызында Ақмола облысы Аршалы ауданының Танакөл ауылында туған. Әкесі Тәшен балаға зәру болмағандықтан, ұлын баласы жоқ інісі Ахметтің атына жаздырған. Содан нәресте Жұмабек Ахметұлы болып шыға келді. Тәшенов 9 жасынан бастап әкесімен бірге мал бақты, кейіннен кеңес үкіметінің сауаттандыру науқанына ілікті.

Ақмола құрылыс техникумына 1933 жылы оқуға түсіп, бір жылдан кейін оқуын тастап, қоғамдық жұмысқа кірісті. Бұл оқу орнын Тәшенов 1955 жылы бітірген.

Қызмет жолын аудандық комитеттің хатшылығынан бастаған. Ол кезде Тәшенов 19 жаста болған. 25 жасында облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары болды. 29 жасында облыстық партия комитеті басшысының орынбасары, 37 жасында Ақтөбе облысы партия комитетінің бірініші хатшысы, 40 жасында Қазақ КСР жоғары кеңесінің төрағасы болды.

Тәшеновтің ерлігі

1950 жылдың аяғында Кеңес одағының басшылығына Никита Сергеевич Хрущев келді. Оған Қазақстанның жері үлкен көрініп, оны шағын ету керек деген мақсатта республиканың солтүстігіндегі 5 аймақты Ресей Федерациясының құрамына бермек болады. Ал елдің батысындағы қазіргі Маңғыстау түбегін түгел Түрікменстанға бермек болған. Ал оңтүстікте бірнеше ауданды Өзбекстанға беру жөнінде үлкен жоспар жасалған. Осы мәселені шешуге Жұмабек Тәшенов кірісті. Ол одақ басшылығына жер аумақтарын бөлу туралы мәселені жергілікті билікпен санаспай, тікелей Мәскеуде орталық комитетте шеше берер болсақ, онда Кеңес Одағының конституциясын, Қазақ КСР конституциясын жою керек екенін айтқан. Ал оны жоймайтын болсақ, заңда мына аумақтың бәрі Қазақстанның меншігі екені жазылған деген уәж айтып, Хрущевтің бетін қайтарған.

"КСРО конституциясына сәйкес, әр ұлт республикасы өзінің тарихи жерінде, өз табиғи байлығын өз меншігінде пайдалануға хақы бар. Бұл заңмен де санаспайтын болсаңыз, біз халықаралық сотқа шағым беруден де тайынбаймыз", - дейді Тәшенов.

"Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында" деген тау тұлғалы Жұмабек Тәшенов осылайша Қазақстан жерінің халық меншігінде қалуына жол ашты.

"Ол заманда Мәскеу идеологиясы, партияның өктемдігі жүріп тұрғанда Тәшеновтің ерлігін дөп басып айту қиынға соқты. Тәшеновке оралып, оның ерлігін айтып жатқанымыз Тәуелсіздік алып, санамыздың ашылғанының арқасы. Ұлттық тарихымызға мемлекеттік мүдде биігінен қарай бастағанымызды көрсетеді. Тәшеновті енді танып жатырмыз, Тәшеновтің тарихтағы шын бағасын енді біліп жатырмыз", - дейді тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов.

"Егер ол мансапқұмар болса, бәріне бас изеп, үнсіз келісе берер еді ғой. Жоғары қызметінде қала берер еді. Жоқ, ол ондай болған жоқ. Әрине, оны қызметінен алған кезде жұмысына жоғары жақтың көңілі толмайды деген бұйрығымен босатқан. Сөйтіп, Шымкентке жіберіледі. Сөйтіп әкем өмірінің соңына дейін сонда тұрды. Халық құрметтейтін, бағалайтын. 60-қа келген кезде зейнетке шығарды. Ол кезде де біраз жұмыс атқаратын күш-қуаты бар еді. Ол қарап отыра алмайтын. Зейнетке шыққан соң зерттеу институтында жұмыс істеді", - дейді ұлы Саян Тәшенов.

Тұтас ұлтты уысында ұстамақ болған Кеңес империясының басшысына қарсы тұрып, дәлелді уәжі арқылы тойтарыс бере білген Жұмабек Тәшенов ерлігі бүгінгі ұрпақтың санасына рухани азық.

Ұлт зиялыларына пәтер берген

1956 жылы партияны 20-съезінде сталиндік репрессия құрбандарын ақтау туралы маңызды мәселе көтерілді. Сонау қасіретті 1937 жылдың қақпанына түскен ұлт арыстарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағалығына Жұмабек Тәшенов сайланады. Сол тұста жазықсыз атылып кеткен арыстарымыз ақтала бастады. Бұл ұлт рухын оятқан үлкен оқиға еді. Қазақ халқына Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің есімі қайтарылды.

"Шұғаның белгісі", "Көкшетау", "Құлагер" сынды әдебиет жауһарлары қайта басылды.

Ермұхан Мекмаханов, Бек Сүлейменов, Есмағамбет Ысмайылов, Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Мұхамеджан Қаратаев секілді қамауда отырған ұлттық интеллигенция өкілдері бостандыққа шықты.

Сондай-ақ сол уақыттан кейін ұлт зиялыларының тұрмысына көңіл бөліне бастаған. 1960 жылы Алматының дәл ортасында салынған 121 пәтер өнер адамдары мен ұлт қайраткерлеріне берілді.

"Көп әртіс, жазушы, зиялылар сол кезде пәтерсіз жүрді. Жазушылар одағына тізім жасауды тапсырған. Қазіргі Қабанбай батыр мен Қонаев көшесі қиылысында салынған үйді түгелдей қазақ зиялыларына берген. Әрине, "қазақтарға пәтер берді" деп соңынан арыз жазғандар да болды. Бұл мәселе дауға да ұласқан", - дейді Тәшеновтің ұлы.

1958 жылы Жұмабек Тәшеновтің басты жоспары – Мәскеуде қазақ өнерінің он күндігін өткізу. Себебі 1936 жылдан бастап қазақ өнерінің он күндігі өтпеген еді. Сол кезде 5 бірдей талант иесіне "КСРО халық әртісі" атағын алып берген де Тәшенов.

1958 жылы Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитетінің бюросында "Қазақ әдебиеті" газетінің мәселесі қаралды. Басты айып – басылымдағы ұлтшылдық. Орыс басшыларының қабағына қараған қазақ журналистерінің бірі "Қазақ әдебиетін" жеке басылым ретінде жауып, "Социалистік Қазақстанға" үстеме парақша ретінде қосып беруді ұсынады. Мұндай ұсыныстан отырғандар үнсіз қалады. Сонда Жұмабек Тәшенов журналиске "Бұл газетті ашқан сен емес, жабатын да сен емес" деп айтады.

Тәшеновтің отбасы

Жұмабек Тәшенов 1940 жылы шаңырақ көтерген. Саян және Мұрат есімді екі ұлы бар.

"Петропавлда тұрған кезімізді есіме алсам, ең бір есте қалған жарқын күндердің бірі. Ол кезде әкем облыстық атқару комитетінің төрағасы еді. Күн-түн демей жұмыс істейтін. Түнгі 3-4-ке дейін жұмыста болатын. Кейде түнгі сағат екіде келсе біз қуанатынбыз. Мен алғаш мектепке барғанда қауырт жұмыстан әкем босай алмағандықтан, нағашы ағам апарған еді", - деп еске алады ұлы Саян Тәшенов.

Мемлекет және қоғам қайраткері 1986 жылы Шымкентте 71 жасында дүниеден өтті.

Sputnik Қазақстан дерекқорынан алынды