«Балалар жылы» аясында алғаш рет ашылған туристік-шатырлы лагерь

«Балалар жылы» аясында алғаш рет ашылған туристік-шатырлы лагерь
сурет: Inform.kz

Каспий жағалауында оқушыларға арналған лагерь шатырлары тігілді 

Маңғыстаулық балалар жазғы демалыстарын теңіз жағалауында құрылған туристік шатырлы лагерьлерде өткізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Балалар жылы» аясында Маңғыстауда алғаш рет туристік-шатырлы лагерь ашып отырмыз. Демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жоспарланды. Алғашқы ауысым Құрық теңізі жағалауында өтіп жатыр. Шатырлы лагерьге Бейнеу, Түпқараған аудандарынан 60 бала келді. Олар үш күн бойы өртке қарсы сақтық шараларын, табиғатты қорғау, картамен жұмыс істеу, кедергілермен шатыр орнату, от жағу, бірінші дәрежелі көмек көрсету, төтенше жағдайларда өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын игереді. Сондай-ақ, түрлі танымдық шаралар өткізіледі», - дейді облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының директоры Аяжан Темірланова.

Теңіз жағасындағы лагерьде 6 шатыр тігілген. Төртеуі – балалардың жатын орны, қалған екеуі – асхана, штаб, медпункт пен демалыс бөлемесі. Сондай-ақ, мұнда сахна мен би, футбол, волейбол алаңшалары, душ кабиналары бар. Туристік шатырлы лагерьлерде жаз айларында маңғыстаулық 13-15 жас аралығындағы 300 бала демалады. Ал, бұдан кейінгі шатырлар Ұштаған, Таушық, Ақмыш ауылдық саябағы, Ақеспе тауында тігілмек.