Жетісу өңірінде 2026 жылға дейін 10 жылыжай іске қосылады

Жетісу өңірінде 2026 жылға дейін 10 жылыжай іске қосылады
Сурет:Impocorp.ru

Олардың жалпы өндірістік қуаты 25 мың тонна болмақ.

Алдағы төрт жылда Жетісу өңірінде 10 ірі жылыжай шаруашылығы  іске қосылады деп жоспарланып отыр. Осы арқылы Алматы облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты толтыру шаралары көзделіп отыр, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

Мамандардың айтуынша, осы мақсатта жылыжайлар мен құс фабрикаларының саны артып, өнім ауқымы көбейтіледі.

«Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, көкөністерді жыл бойы өндіруге көшу үшін 2026 жылға дейін 45 гектар жерде 10 ірі жылыжай шаруашылығын іске қосу жоспарланған. Олардың жалпы өндірістік қуаты 25 мың тонна болмақ. Бұл көкөніс өсірудің жалпы көлемін 2 есеге ұлғайып, 500-ден астам жұмыс орны ашуға мүмкіндік береді», - делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Алматы облысы құс етін өндірудегі бәсекелестікте басымдыққа ие, яғни республика нарығы көлемінің 32% облыстың үлесінде. Бұл бағытта импорт алмасу міндеті аясында екі құс фабрикасы салынып, біреуінің іргесі кеңейтіледі. Олардың жылдық жалпы қуаты 76 мың тонна, инвестиция көлемі 85 млрд теңге, ал құрылатын жұмыс орындарының саны 1100 болады деп межеленуде.