Жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау бар

Жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау бар
almaty-akshamy.kz

Қаланың Индустриалды аймағында 2,9 мың жұмыс орны құрылды

Алматыда Индустриалды аймақтың нысандары бойынша баспасөз туры өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Teplostil ЖШС қасбеттік жылу панелін өндіретін зауытты, «Hyundai Trans Kazakhstan» автокөлік құралдарын өндіретін зауытты, «Бижан» ет өңдеу зауытын, «Әлмерек» медициналық бұйымдар зауытын, «Ala Estate» өнеркәсіптік паркін барып көрді.

Баспасөз туры Teplostil ЖШС өндірісін барып көруден басталды. Ол жыл сайын 240 000 шаршы метр қасбеттік жылу панелін, күшейтілген полистирол көбіктен жасалатын сәндік бұйым шығарады. Жобаның құны 800 млн теңгені құрайды, кәсіпорында 30 адам жұмыс істейді.

Екінші нысанда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Hyundai Trans Ka­zakhstan автокөлік құралының өндірісімен танысты. Кәсіпорын ағымдағы жылы Hyundai Bayon ықшам қалалық кроссоверінің пилоттық партиясын шығаруға кірісті. Қазіргі уақытта зауыт шағын түйін әдісімен шанағын дәнекерлеп және бояп, Hyundai автокөлік құралының – Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Tucson, Staria, i30, Bayon, сондай-ақ Tucson, Accent секілді 10 үлгісін шығаруда. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 45 мың бірлік. Зауытта 800-ден астам маман жұмыс істейді.

«Астана Моторс» портфеліндегі №1 бренд – Hyundai. Биылғы тоғыз ай ішінде компанияның еншілес кәсіпорны – Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты отандық нарық үшін 20 680 автокөлік өндірген. Жыл соңына дейін Hyundai Trans Kazakhstan қазақстандық тұтынушылар үшін тағы 10 мың автокөлік шығарады, ал 2023 жылы ішкі нарық үшін өндіріс жоспары 40 мың автокөлікті құрайды.

Әлемдік көлік нарығының тарихында бұрын-соңды болмаған ең ауыр дағдарыс орын алып тұр. Геосаяси ахуал жартылай өткізгіштер тапшылығын және логистика проблемасын біршама шиеленістіріп жіберді. Ірі автокөлік концерндері бүкіл әлем бойынша өндірісті азайтып келеді. Мысалы, Оңтүстік Кореяда 2022 жылдың сегіз айы ішінде 2021 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда Hyundai автокөліктері 12,7% кем сатылған, сондай-ақ Hyundai автокөлігіне кезекке тұру 2-2,5 жылды құрады.

Бекнұр НЕСІПБАЕВ, «Астана Моторс» компаниясының  бас директоры:

– Бүгінгі таңда компаниядан шығарылатын автокөлік түрлері көбеюде. Өткен жылы Қазақстан нарығына 22 500 автокөлік сатылған болса, осы жылы 29 000 автокөлікті нарыққа шығарамыз деген ойдамыз. Бір ай бұрын қытайлық 3 үлкен зауытпен келісімшартқа қол қойдық. Алматыдағы индустриалды аймақта жаңадан тағы бір зауыт салынады. Ол зауыт қазіргіге қарағанда 3 есе үлкен, 90 мың автокөлік шығарылатын болады. Әр автокөлік дәнекерлеу және бояу әдісімен шығады. Құрылысы қараша айында басталып, 2 жылда бітеді деген жоспар бар. Зауытта 2200 жаңа жұмыс орны ашылады. 100 млрд теңгеден астам инвестиция құйылады, 90 мың автокөліктің 60 пайызға жуығы шетелге экспортталады.

Сондай-ақ, БАҚ өкілдері «Бижан» ЕӨЗ» ЖШС қызметімен танысты. Жыл сайын ет өңдеу зауыты Индустриалды аймақта 5 мың тоннадан астам өнім өндіреді, шұжық өнімдері мен жартылай дайын өнімдері атауының 100-ден астам түрі бар. Кәсіпорында 250 жұмыс орны құрылған.

«Отандық өнімді қолдау бірінші кезектегі мәселе. Зауытта 250-ден астам адам жұмыс істейді. 1998 жылы нарыққа шыққан зауытта алғаш рет 8 қызметкер еңбек етті. Индустриалды аймақтағы зауыт 2020 жылы іске қосылды. 80 түрлі ет өнімдерін шығарады. Қазақстан нарығын өзіміздің өніммен қамтамасыз ету – басты мақсатымыз», – дейді «Бижан» ЕӨЗ» ЖШС бас директоры Хадиша Нұртайқызы.

«Әлмерек» ЖШС бір рет қана қолданылатын медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіретін зауыт – экспортқа бағытталған кәсіпорын. Отандық өндіруші өнімді сатуды Қазақстанның барлық өңірлеріне ғана емес, сонымен қатар, ЕуроАзиялық экономикалық одақ елдерінің нарығына шығуды жоспарлап отыр. Бүгінде кәсіпорын жылына 28 млн бірлік өнім шығарады, 50 жұмыс орны құрылды.

Барып көрудің тағы бір нысаны «Ala Es­tate» өнеркәсіптік паркі болды, онда бүгінгі күні отандық дайындаушылардың бөлмеаралық есіктерінің өндірістері («LePorte M» ЖШС және «Абсолют Флор» ЖШС) және «Qulpinay» ЖШС кондитерлік компаниясы орналастырылған. Ауданы 4,3 мың шаршы метрді құрайтын өнеркәсіптік парк шағын және орта бизнес субъектілеріне 1 шаршы метрі үшін 1200 теңге мөлшерінде жеңілдетілген, бекітілген жалға алу мөлшерлемесі бойынша дайын инфрақұрылымымен дайын өндірістік үй-жайлар береді. Жоба 140 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бүгінде Алматы Индустриалды аймағында жеке инвестициясы 119,8 млрд теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылды, 647,5 млрд теңгеге өнім өндірілді, 20,7 млрд теңге салық аударымдары төленді, 2913 жұмыс орны құрылды.

2022 жылы 65 жұмыс орны құрыла отырып, сомасы 4,6 млрд теңгені құрайтын «Каз-Диа-Тест» ЖШС зауыты іске қосылды. Жылдың соңына дейін 211 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 6,8 млрд теңгені құрайтын 5 кәсіпорынды («VALTHERM», «City Stone», «TEPLOSTIL», «Stroy Produc­tion», «ЭлектроБар») іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, 2022 жылы жеке инвестицияның жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайтын, жалпы алаңы 15 300 шаршы метр болатын 4 шағын өнеркәсіптік паркті іске қосу жоспарланып отыр.

«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ:

Алматы Индустриалды аймағы жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылды және Алматы қаласында өнеркәсіптің басым салаларын (машина жасау, тамақ, жеңіл, фармацевтика, химия өнеркәсібі, логистика, құрылыс материалдарының өндірісі) дамыту үшін көзделген. Бұл ретте өнеркәсіп кәсіпорындарын қаланың тұрғын ауданынан басқа жаққа қайта орналастыруға, технологиялық, инновациялық өнімдер шығаруға, импортты ауыстыруға бағытталған инвестициялық жобаларға басымдық беріледі. Өнеркәсіптік аймақ аумағында барлық қажетті инфрақұрылым – газбен қамтамасыз ету, сумен қамтамасыз ету, электр энергиясы, кәріз құбыры, нөсер кәрізі, интернет, кәбілдік телефония, жол желісі бар, «Индустриалды» жеке теміржол станциясының құрылысы жүргізілуде.