Жаздың сәні – гүл

Жаздың сәні – гүл
skyscrapercity.com

Гүлдер неткен әсем, неткен нәзік! Қызылды-жасылды гүлдер ару Алматының сұлулығын үстеп тұрғаны анық. Иә, біздің қала жазда әдемі гүлдерге оранып тұрады. Әсіресе, қазақы оюлар бейнесінде отырғызылған гүлдер көздің жауын ұрлайды.

Алматының бірде-бір саябағы гүлсіз емес, ірі ғимараттардың да, шағын мекемелердің алды да гүлдерге толы. Түрлі өсімдіктері жайқалған тротуарлармен қыдырып, серуендеген де бір ғанибет! Жанға рахат сыйлайды. Көңіліңіз көтеріліп сала береді. Көңіліңіз көтеріліп сала береді. Әдемілік балаға да, үлкенге де көптік етпейді.

Айтпақшы, жасыл желектің ауасында адам денсаулығына қажетті жеңіл иондар болады. Соның арқасында сыртта серуендеп жүрген адамның қан құрамы жақсарып, қан қысымы да бір қалыпқа келеді екен, сондайақ жұмысқа деген қабілеті де артатын көрінеді.

Сол гүлдерден ләззат алатын тек біз, адамдар, ғана екенбіз. Ал көбелек, ара сынды шыбын-шіркейлерге керегі – олардың түсі, исі. Өйткені, гүлдер - бұл жәндіктердің азығы: біреулерін шырынымен, ал кейбірін тозаңымен қоректендіреді.

Өсімдіктердің ұрық салуы үшін бір гүлдің тозаңын екінші гүлге көшіру қажет. Ал сол тозаңды тасымалдайтын әлгі шыбын-шіркейлер. Яғни шырынның тәтті тамшысын алыстан біліп ұшып келген көбелек гүлге қонады, сол сәтте оған тозаң да жабыса кетеді. Сосын көбелек келесі бір гүлге қонғанда, оның аяқтарымен ілесе келген тозаң да екінші гүлге жабысып үлгіреді.

Тозаңды тек көбелектер ғана емес, басқа шыбын-шіркейлер де тасымалдайды. Тек әрқайсысы әр гүлді ұнатады екен. Мәселен, бал арасы мен жай ара да інжугүлге қонбайтын көрінеді. Ал маса біткен інжугүлді жақсы көреді деседі. Кейбір гүлдер кеш түсе ғана ашылып, өзінің хош иісті шырынын түнде беріп түгеседі. Әдетте мұндай гүлдердің түсі ақ болады. Оларға түнгі көбелектер әуес келеді.

Міне, гүлдердің адамға да, жәндіктерге де пайдасы мол. Гүлдер, әдетте, мегаполистің кісі аяғы көп жүретін жерлерінде, орталық, ірі көшелердің бойында өсіріледі. Бірақ көп қабатты үйлеріміздің ауласына өсіре бермейміз. Себебі, айналаны көріктендіру тек әкімдіктің жұмысы деп ойлаймыз көбіміз. Ал егер бәріміз ауламызға гүл егіп, оны ерекше баптап өсірсек, өзіміз тұратын ауданның ажары да арта түспей ме? Мәселен, Еуропа елдерінде тұрғындар ауладағы өсіп тұрған гүлдерді өздері күтімге алған. Біз де - табиғаттың бір бөлшегіміз. Аула да, ауа да бәрімізге ортақ болғандықтан, оны көркейтуді әр адам парызы деп санаса, артық болмас еді.