«Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубы ашылды

«Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубы ашылды
Сурет: ашық дереккөз

 Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясында «Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚР ҰҚК Шекара академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оған SOS Алматы «Балалар қалашығының» тәрбиеленушілері мен Шекара академиясында қызмет атқаратын әскери қызметшілердің балалары қабылданды. Аталмыш шараны тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасы ұйымдастырды.

Бұл жолы ата-аналар балаларына шекарашының киімін тіктіріпті. Үстеріндегі киімдері өздеріне құйып қойғандай шап-шақ. Бастарында жасыл қалпақ. Тіпті кейбіреуі кәнігі шекарашылар сияқты кішкентай берцы (аяқ киім) киіп алыпты. Бүгінгі көрген қызықтарына көңілі толып, жүзі бал-бұл жайнап тұрған жас шекарашы Тукешов Бекарыс Қанатұлы әкесі секілді шекарашы болғанды қалап, көп ойланбастан «Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубы ашылады деген ақпаратты ести сала, осында келуді жөн көрген. Енді ол әскери бөлімнің саптық алаңында клубқа қабылданған  балалармен бірге бір сызықтың бойында сап түзеп тұр.

Шараға жас шекарашылар мен олардың ата-аналарынан бөлек, шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары»  Республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының төрағасы, запастағы генерал-майор М.Мажитов және осы бірлестіктің мүшелері, отставкадағы полковниктер В.Дыбов, Қ.Ертышпаевтар қонақ ретінде шақырылыпты. Өз кезегінде Марат Әлімжанұлы сөз сөйлеп, қастерлі шекарашы мамандығының қыр-сырына тоқталып, бүгінгі кішкентай шекарашылардың алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Содан кейін рәсім бойынша академия бастығы полковник П.Поливанов пен шақырылған қонақтар  «Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубына қабылданған балаларға арнайы дайындалған эмблема шевроны мен мақтау граммоталарын салтанатты түрде табыс етті.

 Шара барысында академия бастығы полковник П.Поливанов Отанның отбасынан басталатынын, Отан  қорғаудың арлы іс екенін айта келіп, барлық балаларды клубқа қабылданғануымен шын жүректен құттықтады.

Полковник Д.Белгожаевтың айтуынша, аталмыш клуб жұмысын айына екі рет таңғы тоғыздан түскі он екіге дейін  жүргізетін болады. Балаларға сабақты академиядағы әскери қызметшілер өткізеді. Клуб жетекшісі болып майор Асқаров Жеңіс тағайындалды. Ал оның көмекшісі болып 3 сыныпты сержант Еизжанов Ерлан бекітілді.