Жанат Жақметова энергетика вице-министрі қызметінен кетті

Жанат Жақметова энергетика вице-министрі қызметінен кетті
Сурет: ашық дереккөз

Жанат Жақметова Энергетика вице-министрі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

«ҚР Үкіметінің қаулысымен Жанат Зарубекқызы Жақметова берген өтінішіне сәйкес ҚР Энергетика вице-министрі қызметінен босатылды», - делінген хабарламада.

Жанат Жахметова 1986 жылы Жезқазған қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін және Абердин университетін бітірген. Еңбек жолын 2009 жылы «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ сынақ зертханасының жетекші маманы болып бастаған.

Әр жылдары ақпараттандыру саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға жетекшілік ететін орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеген.

2014-2016 жылдары – ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы.

2016-2020 жылдары – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпараттандыру департаменті директорының орынбасары.

2020 жылғы ақпан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Энергетика вице-министрі қызметін атқарған.