Зембілмен жеткізілген алматылық пациент ауруханадан өз аяғымен шықты

Зембілмен жеткізілген алматылық пациент ауруханадан өз аяғымен шықты
almaty-akshamy.kz

Алматылық науқас оңалту ем-шараларының арқасында аяққа тұрды. Дәлірек айтсақ, зембілмен жеткізілген пациент ауруханадан өз аяғымен шықты. Иә, мегаполистегі №7 қалалық клиникалық аурухананың нейрореабилитация бөлімшесінде ұзақ уақыт бойы медициналық оңалтудан өткен 67 жастағы пациент үшін бүгін ерекше күн.

Клиниканың баспасөз қызметі хабарлағандай, құлап ауыр жарақат алған зейнеткерге екі рет ота жасалған. Бұған дейін реабилитацияның екі курсынан өтіпті. Оңалту бөліміне жеткізілген кезде аяқ-қолынан әл кетіп, қолдары семіп, бұлшық ет массасы 1,0 балға дейін төмендеген. Салдарынан қолын көтере алмай қалған, әрі біреудің сүйемелдеуінсіз жүріп-тұра алмайтын. 

Аурухананың нейрореабилитация бөлімшесі меңгерушісі Айнұр Досыбаеваның айтуынша, пациент оңалтудың 1-ші және 2-ші курстарынан өтіп, денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем-шараларды алған. Онда науқастың денсаулық жағдайына қарай дербес және кешенді оңалту іс-шаралары жүргізілген. 

«Әрқайсысы 14 күннен тұратын екі курс барысында пациент күн сайын кинезиотерапевпен жұмыс істеді, нейрореабилитацияның ПНФ, Бобат терапия сынды ең заманауи әдістерімен емделді. Сондай-ақ, арнайы қондырғылар арқылы жаттығып, массаж, физиоем қабылдады, еңбекке бейімделді. Нәтижесінде күнделікті өмір сүруге қажетті дағдылары қайта оралды», – дейді реабилитолог-дәрігер.

Бөлімшеде мультидисциплинарлық емдеу тәсілі қолданылады. Көптеген мамандардың қатысуымен жүргізілетін ем-дом пациентті мүгедектіктен сақтап қалады және оның қатарға қосылып кетуіне мүмкіндік береді.

«Ауруханадан шыққанға дейін аяқ-қолындағы бұлшық еттері қатайып, өз бетімен жүріп тұратын болды, қолын көтереді, жұдырығын ашып-жұмады. Енді ол реабилитацияның 3-ші кезеңіне жолданды. Емді тіркелген емхана арқылы алады», – дейді Айнұр Досыбаева.

№7 аурухананың нейрореабилитация бөлімшесі үш жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда мидағы қан айналымы бұзылған пациенттер оңалтудың екінші кезеңінен өтеді және ми мен жұлынға ота жасалады. Бұл жерде емделу үшін «Ауруханаға жатқызу бюросы» арқылы кезекке тұру қажет.

Бір айта кетерлігі, медициналық сауықтыру мен қалпына келтіруге бағытталған ем-дом МӘМС арқылы жүргізіледі. Оңалтудан мидағы қан айналымы бұзылған немесе операция жасатқан пациенттер алғашқы 6 ай ішінде өте алады. Биыл бөлімшеде 560 науқас ем қабылдаған. Оның 70%-ы инсульт алған пациенттер болса, 30%-ы – түрлі операциялардан кейін келгендер.

– Реабилитация бөліміне келген кезде ауыр халде едім, аяқ-қолымды қозғаудың өзі мұң болды. Осында алған емнің арқасында аяққа тұрдым, күнде 50 метрге дейін өзім жүретін болдым. Өз қолыма өзім иелік етіп, желкемді, мұрнымды қасып, қасық, кесе дегендерді көтеретін халге жеттім. Жазылып келе жатқаныма көзім жеткен соң, жігерленіп, үмітке сенім қосып, өз-өзіме келе бастадым. Бөлімше меңгерушісі Айнұр Жиенбайқызы мен нұсқаушы-маман Жанасыл Рысбекұлына айтар алғысым шексіз. Менің аяққа тұруыма осы кісілердің сіңірген еңбегі зор. Соның арқасында өзімді жақсы сезініп, аяқ-қолыма жан бітті. Жетінші аурухана қызметкерлерінің бәріне де ризамын, – алматылық 67 жастағы тұрғын.