Үздіктер «Жас ұлан» кітабына енеді

Үздіктер «Жас ұлан» кітабына енеді
Сурет: Almaty-akshamy

Тәуелсіздік күні №87 орта мектеп оқушылары «Жас ұлан» мен «Жас қыран» қатарына қосылды. Мектеп ұжымы 1-сыныптың 215 оқушысының антын қабылдап, Қазақстандағы барша мектеп оқушыларының басын біріктіретін «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымының символикасын тақты.

Бұл - «жасқырандықтардың» пандемия аяқталғаннан кейінгі алғашқы салтанатты жиыны. Ұйым өскелең ұрпақты жоғары адамгершілік-рухани құндылықтар, толеранттылық, демократиялық және өзара түсіністік мәдениеті қағидаттары негізінде отансүйгіштікке тәрбиелейді.

«Ұйым Қазақстан халқының тарихын, мәдениетін, тілін білу негізінде рухани әлеуетті қалыптастырумен, оқушылардың қоғамдық белсенділігін, танымдық белсенділігін арттырумен, балалардың шығармашылығы мен әлеуметтік бастамаларын дамытумен айналысады. Мектеп өміріндегі ересектер мен балалар арасындағы қарым-қатынасты үйлестіруге жауапты. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер ұйымдары мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен, ҮЕҰ-мен әлеуметтік әріптестікте алғашқы қадамдар жасап жатыр», – дейді №87 орта мектеп директоры Ұлар Мылтықбаева.

Ұйым қызметінің қорытындысы жыл сайын шығарылады, мектептің үздік "жасұландықтары" жалпымектептік, облыстық, республикалық «Жас ұлан» кеңесіне мүше бола алады. Оқу жылының соңында үздік бірлестікке «Үздік топ» атағы мен дипломы, сонымен қатар Қазақстанның тарихи жерлеріне саяхат немесе жазғы сауықтыру лагеріне жолдама беріледі. Оқуда және қоғамдық жұмыстарда ерекше жетістіктерге жеткен мектеп оқушылары «Жас ұлан» алтын кітабына енеді. Ең белсенділер көрнекті қоғам және саяси қайраткерлермен кездесуге, тренингтерге, семинарларға және елдегі ең жақсы лагерьлерде көшбасшылық сабақтарға қатысуға мүмкіндік алады.

Осы орайда айта кетейік, «Жас ұлан» және «Жас қыран» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2011 жылы құрылған.