Юлия Путинцева әлемнің экс-үшінші ракеткасын ұтты

Юлия Путинцева әлемнің экс-үшінші ракеткасын ұтты
Сурет: Ашық дереккөз

Тартысты матчта Ю.Путинцева 6:7 (3:7), 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті

Қазақстанның екінші, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ-та топырақ төсенішінде өтіп жатқан Чарльстон WTA 500 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен шеберлік байқасты.

Бұл Э.Свитолинаның сәбилі болуына байланысты бір жылдан астам уақыттан кейін кортқа бірінші шығуы еді.

Қарсыластардың осыған дейін жеті мәрте жолдары тоқайласып, соның алтауында украиналық, біреуінде ғана қазақстандық спортшы жеңген болатын. WTA додаларында 16 рет чемпион атанған Э.Свитолинаның Токио олимпиадасында қазақстандық Елена Рыбакинаны ұтып, қола жүлдеге ие болғаны белгілі.

Бұл жолы аса тартысты матчта Ю.Путинцева 6:7 (3:7), 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Юлия 2 эйс жасап, 24 брейк-пойнттың жетеуін өз пайдасына жазды. Қарсыласы 5 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.

Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 17-інші, осы жарыстың 7-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александровамен таласады.

Жүлде қоры 780 637 АҚШ долларына бағаланған дода 9 сәуірде мәресіне жетеді.