Ұшақ бортында темекі шеккен екі алматылық әйелге айыппұл салынды

Ұшақ бортында темекі шеккен екі алматылық әйелге айыппұл салынды
Сурет: Polisia.kz

Air Astana әуекомпаниясының Пхукет – Алматы бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне акт бойынша екі жолаушы әйел берілді.

Тексеру барысында көлік полицейлері ұшақ бортында электронды темекі шеккен Алматы қаласының 36 және 37 жастағы екі тұрғынын анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Тәртіп сақшылары құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-2-бөлігі (Әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын, тұтынудың электрондық жүйелерін тұтыну) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әуе рейсінен 60 азаматты түсірді, оның ішінде әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін 29 адам түсірілген.