Ұлттық қауіпсіздікке әсер етеді

Ұлттық қауіпсіздікке әсер етеді
Сурет: ашық дереккөз

Депутат бұл мәселені шешу үшін Үкімет нақты іс-шаралар қабылдауы керек екенін айтты

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Ерлан Саиров шекарадағы аудан мен ауылдардағы жақын елдердің ұялы байланысы мен радио толқындарының жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

«Президентіміз шекаралық ауыл мен аудандардың дамуы мәселесін өзінің бақылауына алып отыр. Қазақстанда шекара түбінде тұратын 50-ге жуық ауыл бар. Сол ауылдарда жол, медицина, ұялы байланыс, су мәселесі әлі де өзекті. Мысалы, кейбір ауылда медпункт болса, фельдшер болмайды. Ал кей ауылға жазда да, қыста да жету қиын. Ол жаққа жол жоқ. Жол болмаса, азаматтардың ол жақта тұруға құлқы болмайды», - деді ол.

Саиров атағандай, шекаралық ауылдардағы елдің ұлттық қауіпсіздігіне кері әсер ететін ең негізгі мәселе – шетелдік ұялы операторлардың жұмыс істеп тұрғаны.

«Мысалы, Қытайға қарайтын болса, Зайсаң, Марқакөл, Мақаншы, Алматы, Нарынқолдардың барлығында Қытайдың ұялы операторлары істеп тұр. Ресейге қарайтын болсақ, солардың ұялы операторы істеп тұр. Бұл - біздің еліміздің тұтастығына, бүгінгі таңда ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін мәселе. Осы мәселені қалай шешеміз? ШҚО-дағы Тарбағатай мен Зайсанда министрлік пен әкімдік бірігіп, ұялы операторларын қойып жатыр. Ал басқа шекаралас аудандардағы мәселе де осындай. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет нақты іс-шаралар қабылдауы керек», - деді Ерлан Саиров.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл мәселе кешенді түрде шешілетінін айтты.

«Шекаралас ауылдардың деңгейі барлығы әртүрлі. Шығыста бір жағдай, солтүстікте бір жағдай, Ресей жақта бір жағдай болып отыр. Шекарадағы шекаралық заставаларды күшейту мен оның төңірегіндегі ауылдарды дамыту көзделіп отыр», - деді ол.

Өз кезегінде Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек радио толқындарды шекарада шектеу мүмкін емес екенін айтты.

«Байланыс саласындағы өңірлік әкімшілік басшылары 2019 жылы шекара арқылы радио ақпаратты таратудың максималды қашықтығы 15 шақырымға дейін бекітілді. Әкімдіктердің мәліметінше, ел шекарасының аумағында 770 ауыл орналасқан. Оның ішінде 228 ауылда шетелдік операторлардың байланыс сигналдары бар. Ол рас. Қолжетімді интернет жобасына сәйкес, біз 2024-2027 жылдары осы ауылдарға жай байланыс емес, сапалы интернетті тартуды көздеп отырмыз», - деді ол.

Ерлан Саиров көршілес елдер, оның ішінде Қытай, Өзбекстан, Ресей шетелдік ұялы байланыстарын шектейтінін айтты.

«Олар интернет дегеніміз идеология екенін біледі. Бізге де шетелдік ұялы байланысты шектейтін қалқан құруымыз керек. Бұл - біздің ұлттық қауіпсіздігіміздің ең негізгі аспектісі», - деді депутат.