Жол ережесі жауаптылықты талап етеді

Жол ережесі жауаптылықты талап етеді
Сурет: ашық дереккөз

Күнкөру мақсатында мегаполис Алматы көпшілікке қолайлы болып тұрғандай. Жан-жақтан ағылған жұртшылық көлік жүргізушісі қызметін таңдайды. Таңның атысынан күннің батысына дейін көлік рөлінде отыру оңай емес. Бірнеше сағатқа созылған көлік кептелісі. Көшенің қайнаған өмірі жүйке жүйеңе жүк салары анық. Оның үстіне, көшелерді бақылайтын камералар жүргізушінің жіберген кемшілігін түсіріп алып, айыппұл салуда. Сондықтан да жан-жақтан ағылған «жүргізушілер» жұбайы немесе таныс-тамырының атынан есеп шот ашып қойған. Бұл әлгі айыппұлды төлемеудің төте жолы болса керек-ті.

 Жалпы жол ережесін бұзғаны туралы көлік жүргізушісінің иесіне хабарлама жіберіледі ме, жіберілсе қанша уақыт ішінде деген секілді сауалмен Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы полиция подполковнигі Құлыбаев Асхатқа хабарластық.

Оның мәліметі бойынша Алматы қаласында 2023 жылдың 4 айында  жол ережесін бұзу фактісі бойынша-330 239 айыппұл тіркелген. Оның ішінде 94 962 азаматтар айыппұлын төлемеген. ҚР ӘҚБтК-нің 893-бабының 1-бөлігі негізінде айыппұлды әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұл салу туралы қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама заңды күшіне енген күннен бастап отыз тәулік ішінде кешіктірмей төлеуі тиіс. Белгіленген уақыт аралығында айыппұл бойынша төлем жүргізілмесе, ҚР ӘҚБтК-нің 894 бабына сәйкес айыппұл салу туралы қаулыны немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) жауапқа тартылған тұлғаның жалақысынан немесе өзге де кірістерінен айыппұл сомасын мәжбүрлеу тәртібімен ұстап қалу үшін ол жұмыс істейтін немесе сыйақы, зейнетақы, стипендия алатын ұйымның әкімшілігіне жібереді. Егер айыппұл салынған жеке тұлға жұмыс істемейтін болса немесе басқа да себептер бойынша айыппұлды жалақысынан немесе өзге де табыстарынан өндіріп алу мүмкін болмаса, қаулыны шығарған сот немесе уәкілетті орган айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушысына жібереді. Айыппұл салу туралы қаулы немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама жеке сот орындаушылары палатасына жолданғаны туралы азаматтардың ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 743 -бабына сәйкес, хабарлама жолданылады.

 Ары қарайғы жұмыс жеке сот орындаушыларының құзырында. Сондықтан біз Алматы қаласы жеке сот орындаушылар палатасының жетекшісі Қайдаров Айдын Серікқазыұлына жолықтық.

-Жеке сот орындаушы – мемлекет алдында берешегі бар азаматтардан мәжбүрлеп өндіруші. Автокөлік жайында сөз етсек, өмір болған соң түрлі жағдай болады. Біле тұра немесе білмей ережені бұзады. Сол бойынша хаттама толтырылып, жол полиция қызметкерлері өз құқықтары бойынша міндеттерін орындайды. Олар заң талаптары негізінде айыппұлды төлемеген соң жеке сот орындаушыларына істі жолдайды. Демек,  осы жағынан алатын болсақ, қаншама адам жол ережесін бұзып, төлемей жүре береді. Оны кім өндіреді? Әрине, жеке сот орындаушылар өндіреді. Заң бойынша жеке сот орындаушыға іс жіберілген кезде «Электронды үкімет порталында» азаматтардың тіркеген ұялы байланыс абоненттік нөмірі бойынша автоматты режимде тіркелген айыппұл бойынша және оның жеке сот орындаушыларына жолданғаны туралы хабарлама келіп түседі. Онан кейін істі қолына алған жеке сот орындаушысы тәртіп бұзушыға хабарласып, іс туралы ескертуі тиіс. Мұнан соң, айыппұл төленбесе есеп-шотын бұғаттайды. Есеп-шотты бұғаттауға жеке сот орындаушыларының ғана құзыреті жетеді. Міне, осылайша мәжбүрлеп мемлекет қазынасына қаржы құяды. Адам болған соң кейде қызметін асыра пайдалану жағдайлары да кездесетін шығар. Мұндай жағдайда бізге шағымданса тәртіп бойынша шара қолданамыз, -деді ол.

 Азаматтардың көбі бүгінгі электронды жүйені меңгермеген. Сондықтан осы электронды жүйе арқылы түрлі қызметтерді жасап, пайда тауып отырған адамдардың көмегіне жүгінген кезде де өз телефоныңызды тіркеуін талап етуіңізге тура келеді. Салғырттық танытсаңыз өзгенің нөміріне Сіз туралы ақпарат баратын болатын. Бүгінгі мақаланы жазу барысында сауаттылық – көп жағдайда өз жолыңызды тез табуға мүмкіндік береді.