Сенім қалпына келе ме?

Сенім қалпына келе ме?
Сурет: ҚР Ұлттық экономика министрлігі

Швейцарияның Давос қаласында «Сенімді қалпына келтіру» атты дүниежүзілік экономикалық форум өтуде

Ұлттық экономика министрі Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Әлібек Қуантыров Carlsberg group-тың Бас директоры Якоб Ааруп-Андерсенмен, «Vestas Wind Systems A. S.» аға Вице-президенті Мортен Дирхольммен және «Schneider Electric» international Operations компаниясының өңір бойынша атқарушы Вице-президенті Маниш Пантпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері жөнінде өзара пікір алмасты. ҰЭМ басшысы инвестицияларды қолдау мен қорғаудың тиімді құралдары туралы айтып берді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

«Vestas Wind Systems A. S.» аға Вице-президенті және Schneider Electric компаниясының атқарушы Вице-президентімен әңгіме барысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Бұған қоса, Қазақстанда өндірісті оқшаулау жайлы сөз қозғалды.

Сондай-ақ, ҚР-дағы инвесторларға қатысты қабылданатын салық салу мәселелері талқыланды. Өз кезегінде Carlsberg group-тың Бас директоры елімізде жүргізіліп жатқан салық саясатына, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді акциздеу жұмыстарына оң баға берді.

Осы күндері Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форум өтуде. Экономика мен саясаттың жаһандық мәселелері талқыланып жатқан іс-шараның тақырыбы – «Сенімді қалпына келтіру».

Бұл а.ж. 19 қаңтарына дейін жалғасатын жыл сайынғы дәстүрлі 54-ші кездесу. Халықаралық форум жұмысына мемлекет пен үкімет басшылары, министрлер, сарапшылар және қоғам қайраткерлері қатысуда.