Ұлыбритания кардиологы Алматы дәрігерлеріне жоғары баға берді

Ұлыбритания кардиологы Алматы дәрігерлеріне жоғары баға берді
almaty-akshamy.kz

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Еуропаның (Бристоль жүрек институты, Ұлыбритания) жетекші интервенциялық кардиологы Джулиан Стрендждің қатысуымен жүрек тамырларының зақымдануының күрделі формалары – сол жақ коронарлық артерия діңі, жүрек тамырларының кальциленген зақымданулары бойынша шеберлік сабағы өтті.

ҒЗИ-ның рентгеноперблок меңгерушісі Алексей Колесниковтың айтуынша, коронарография жасау кезінде пациенттердің 10-20%-нда жүрек тамырларының созылмалы окклюзиясы анықталады. Коронарлық артерияның созылмалы окклюзиясында жүрек бұлшықетін қанмен қамтамасыз ететін тамыр толығымен жабылып қалады. Жүрек жеткілікті оттегін алмайды, бұл өмір сапасының төмендеуіне, ентігуге әкеледі.

«Коронарлық артериялардың күрделі және кальциленген зақымдануы коронарлық стенттеу кезінде асқыну қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан оңтайлы техника мен құралдарды таңдау бұл процедураның маңызды аспектісі болып табылады. Біз жасап жатқан операциялар – ең күрделі жағдайлар. Бірақ біз тәуекелдерді барынша азайта отырып, пациент үшін мұндай араласуларды мүмкіндігінше қауіпсіз жүргізуді үйрендік. Осы орайда қазақстандық дәрігерлердің жоғары деңгейі мен тәжірибесін атап өткім келеді», – дейді Джулиан Стрендж.

Созылмалы жалпы окклюзиялар мен коронарлық артериялардың кальциленген зақымдануларын емдеудегі жаңа тенденциялар туралы демонстрациялық операциялар мен теориялық сабақтарды өткізумен тәжірибе алмасу мамандарға жаңа жабдықта жұмыс істеуді үйренуге, кәсіби қызметте қажетті дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, клиниканың рентгенхирургтары аорта қақпақшасының ауыр стенозымен 90 жастағы науқасқа TAVI (қолқа қақпақшасын эндоваскулярлық ауыстыру) операциясын жасады. Мұндай науқастарға қолқа қақпағын ауыстыру үшін кардиохирургиялық операциялар жасауға болмайды, өйткені олардың кенеттен қайтыс болу қаупі жоғары. TAVI – қолқа қақпағын жасанды биологиялық клапанмен ауыстырудың заманауи, аз инвазивті әдісі. Операциядан кейін науқас өзін жақсы сезінеді. Барлық көрсеткіш қалыпты шекте, отадан кейінгі асқынулар болған жоқ.

Марат ПАШИМОВ, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-ның басқарма төрағасы:
 – Бұл шеберлік сабағы соны үлгідегі ROTA PRO жүрек тамырларын ротаблациялау жүйесін пайдалана отырып өткізілді. Аталған жүйе елімізде алғаш рет қолданылуда. Бұл бізге ең күрделі патологиялары бар науқастарды емдеуге көмектеседі. Коронарлық артериялардың кальциленген зақымданулары және созылмалы жалпы окклюзиялары бар пациенттерге тері арқылы коронарлық араласулар жүргізілді. Шеберлік сабағына Алматы қаласының интервенциялық кардиологтары қатысты. Сөйтіп мегаполис дәрігерлері кәсіби және клиникалық тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік.