Қазақстандық мамандар ChatGPT-дің баламасын жасауға кірісті

Қазақстандық мамандар ChatGPT-дің баламасын жасауға кірісті
Cурет: Astanatv.kz

Қазақстандық мамандар ChatGPT-дің баламасын жасайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«ChatGPT қазақ тілінде жұмыс істей алады. Бірақ ол қазақ тілінде сөйлеп, сұрақтарға еркін жауап беру үшін шамамен 13 млрд токен керек. Бүгінде онда 1,5 (млрд токен) бар, бұл 10 есе аз. Қазір алдымызда кітапханалар, шығармалар мен қазақстандық менталитетті ескеріп, отандық модельді әзірлеу міндеті тұр. Жылдың соңына дейін қазақша модельді әзірлеп, қоғамға ұсынылады», - деді  "Цифрлық үкіметті қолдау орталығы" бас директоры Рүстем Биғари.

Рүстем Биғари ChatGPT-дің баламасын іске қосу үшін суперкомпьютер керегін атап өтті.

«Бүгінде Назарбаев университетінің базасында 2 суперкомпьютер бар. Бұл қажетті нормадан 10-15 есе аз. Президент Қасым-Жомарт тапсырма беріп, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі суперкомпьютерлерді сатып алып, оны іске қосуға кірісті. Бұл ғалымдарға қазақстандық лингвистикалық модельді әзірлеуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Бас директор бүгінде жобаға кәсіпкерлер қызығушылық танытып отырғанын айтты.

«Қаңтарда мемлекет басшысы қазақстандық үлгіні жасау туралы айтқанда 2-3 шешім болса, қазір олардың саны өсіп жатыр. Жобаға бизнес қызығушылығы артты. Бізді бұл қуантады. Өз тарапымыздан деректер және есептеу қуатымен қамтамасыз етеміз», - деді Рүстем Биғари.