Қазақстанды сенімді серіктес ретінде қабылдаймыз - Дүниежүзілік банк өкілі

Қазақстанды сенімді серіктес ретінде қабылдаймыз - Дүниежүзілік банк өкілі
сурет: Primeminister.kz

Бірлескен жоба әзірленді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскуряковамен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тараптар Дүниежүзілік банк тарапынан Қазақстандағы даму реформаларын қолдау шараларын талқылады. Осы жұмыс аясында нақты қадамдардың тізімін қамтитын бірлескен жоба әзірленді.
Жобаны іске асыру телекоммуникация секторында нарықтық бәсекелестікті күшейтуді, цифрлық технологиялар секторының тұтастығын арттыруды және цифрлық экономиканы дамытуды қолдауды көздейді.
Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алулардағы бәсекелестікті және ашықтықты жетілдіру, банк секторының жұмысын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі шараларды күшейту, агломерацияларды дамыту, сондай-ақ экологиялық және тиімді энергияны өндіру бойынша шаралар қарастырылған.

«Қазіргі жағдайда бұл жоба Қазақстан үшін өте маңызды. Ол дағдарысқа қарсы қабылданып жатқан шараларға және еліміздің жаңа экономикалық бағытын іске асыруға қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді», — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Татьяна Проскурякова Дүниежүзілік банк Қазақстанды сенімді серіктес ретінде қабылдайтынын, сондықтан өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.

«Біз Қазақстан Үкіметінің алға қойған мақсаттарға қол жеткізуіне мүдделіміз. Менің ойымша, көптеген бағыттар бойынша үлкен перспективалар бар», — деді Татьяна Проскурякова.

Кездесуді қорытындылай келе, Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, реформалар матрицасын келісуді жандандыруды тапсырды.