Үкі таққан қыз

Үкі таққан қыз
almaty-akshamy.kz

Ұлттық келбет


Әріптесіміз кеше үкілеп өсірген қызын ұзатты. Сөйтіп құтты орнына қондырды. Қыз баланың орнын, теңін тапқаны ата-ана үшін қуаныштың төресі. Сол қуанышқа біз де ортақтастық.

Үкілі тақия киген қалыңдық той үстінде құрбыларына өзінің ақ жолын тілеп, білектеріне үлпілдеген аппақ үкі тағып шықты. Сондай бір әдемі көрініс! Қырық қызды бір гүлге таластырып қоймай, осылайша үкілегені талай көңілді қуантқаны анық. Бұл да еуропалықтардың иықтан асырып гүл лақтыру үрдісін тежеудің бір қадамы іспетті болып көрінеді бізге.

 

«ОЛЖА АЛУ»

Үкі тағу қазақ қоғамында бұрыннан бар дәстүр. Соны жаңғыртып, ата-баба дәстүрін жалғап жүрген жастарға ризамыз. Әрине, бүгінгі жаһандану заманында үкінің жасанды қауырсынын пайдаланып жүргеніміз рас. Бірақ, ең бастысы, баба жолын үзіп алмай, жалғап жүрген ниетіміз түзу.

Үкі қауырсыны демекші, өткенге шегініс жасар болсақ, ерте заманда үкіні амалын тауып ұстап, балағы мен бауыр тұсынан мамық жүнін құсқа зиян тигізбей жұлып алып, сосын өзін жемге тойғызып қоя беретін болған. Оны «үкі жүндеу» деп атаған екен. Үкі жүндеген ауылдан «олжа алу» салты да болған. Қауырсыны үшін оны ешқашан өлтірмеген. Өлтірген адамды киесі ұрады деген түсінік болған.

Оның киелі саналатын қауырсынын әсемдік үшін тағумен қатар, қасиет бар екендігіне де сенген қазақ, мәселен, жын-шайтаннан қорғайды деген наным-түсінікпен жаңа туған сәбидің бас киіміне және бесігіне таққан.

БЕСІК ҚҰДА

Үкі көбінесе арулардың тақиясы мен сәукелесіне тағылған. Қазақ қызға құда түскенде оған үкі таққан. Бұл – оның ендігі жерде айттырылған қалыңдық болғандығының белгісі. Яғни үкі тағу – бойжеткеннің айттырылған жері бар екендігін көрсететін кәде. Ал қазір бұл кәде «сырға салу» салтымен алмасты. Бұл да бізге бөтен емес.

Ата-бабамыз «бесік құда» болған кезде де бесікке үкі тағып кететін болған. Қыз баланың бесігінде үлпілдеген үкі тұрса, оны «тіл-көзден сақтау үшін ілген» немесе «бесік құдалықтың» белгісі деп түсінген. Сөйтіп үкі тағылған қыз баланың төңірегінде бұдан кейін ешқандай басы артық сөз айтылмайтын болған. Тіпті сол ауылдың бозбалалары, жігіттері үкілі қыздың абырой-атағын өз қарындасындай қорғап жүретін болған көрінеді.

Ал жас келіндер үкіні сәндік үшін екі бұрымына қадаған екен. Қазір байқасаңыз, жаңа түскен келіншектер екі ұшында үлбіреген аппақ үкісі бар орамал тағып жүр. Қарап көз қуанады. Жас келіннің екі иығынан құлаған аппақ үкілер үлпілдеп, үлкен өмірге енді ғана қадам басқан, қулық-сұмдықтан, жамандықтан ада келіншектің  аппақ ниетін, жастығын, мәртебесін үстеп тұратындай көрінетіні бар маған. Қазақ үкіні жамандықтан, тіл көзден сақтайды деген наным-сеніммен бірге, адамның көркін ашып, өзгелерден ерекшелендіріп, оқшауландырып көрсететіні үшін де таққан.

 

КӨЗ ТИМЕСІН

Қыз-келіншектерден бөлек, қазақтың көпшілік алдына жиі шығатын сал-серілерінің, әнші-жырауларының арасында да үкі қауырсынын бөркіне, домбырасына тағып, елден дараланып жүргендері болған. Ондағысы, әрине, жаманның сөзі һәм көзі тимесін дегені. Үкі тaғылған бұйымдарға пәле-жала жоламайды, қайта олжа, жақсылық, бақыт әкеледі деп иланған. Мәселен, ақын Ыбырай Сандыбайұлын халқымыз «Үкілі Ыбырай» атап кеткен. Себебі, ол «Бөркіме үкі тағып, сәндеп киіп…» деп өзі жырлағандай, қазақтың сал-серілеріне тән ортақ қасиетті ұстанып, бас киіміне үнемі үкі тағып жүрген. Біржан сал Қорамсаұлының да бөркіне үкі таққаны тарихтан белгілі. Ақан серінің домбырасы да үкісіз болмаған.

Сондай-ақ, ертеде сыйлы және қадірлі мейманына да үкі сыйлау дәстүрі де болған деседі. Тағы бір деректерде құрсақ көтере алмай жүрген әйелге үкінің ұясын алақанымен сипататыны туралы айтылады. Ата-бабамыз киіз үйдің босағасына, тіпті төрт түлік малдың жаңа туған төліне де көз тимес үшін үкі тағып қоятын болған екен.

 

БАҚЫТТЫ БОЛ!

Алматылық көпбалалы ана Райхан Молдиярқызы төрт ұлдың арасында жалғыз өскен еркесі Раушанын ұзатқанда қатты толқығанын айтады.

– Өзім кемпір-шалдың қолында өскен қыз едім. Қазақтың ежелгі жөн-жоралғысының біразын білемін. «Аттан жығылсақ та, салттан жығылмаған» халықтың ұрпағымыз ғой. Мен де алғашқы қуанышым, төлбасым деп, тұңғышымды қазақтың салт-дәстүрімен ұзаттым. Болашақ құда-құдағиым орыстілді, қалалық екен. Бірақ менің аналық ықылас-ниетімді түсінді, қабылдады. Қызымды үкі тағып, сырға салу дәстүрімен ұзатып салдым. Шаңырағымда көптен ондай сән-салтанатқа толы той болмаған еді. Жүрегім жарылардай қуандым. Күйеуім ерте қайтыс болып кетіп, бес баламды жалғыз жеткіздім. Өмірде көп қиындық көрдім. Осылардың қабағына көлеңке түспесін, бөтен еркекке жәутеңдемесін деп, тұрмыс құру таралы мүлдем ойлаған жоқпын. Оған еш өкінбеймін де. Бақытым – балаларым. Енді ұлдарымды үйлендіретін кезде, мен де болашақ келіндеріме үкі тағып, сырға салу дәстүрін міндетті түрде жасайтын боламын. Біз қазақтығымызды жоғалтпауымыз керек. Ол үшін жастарға өзіміз үлгі болған дұрыс деп ойлаймын.

ҒАЖАП ҚҰС

Әдет-ғұрпымыздың айнымас бір бөлшегіне айналған, осынша киелі саналатын бұл қандай құс? Сол жөнінде де бірер сөз айта кетсек.

Үкі – өте сақ, сұлулығын көрсете бермейтін құпиясы мол, тырнағы өткір, жапалақ тұқымдас, көлемі сұңқардай, мойын, кеуде, балақ, арқа жүндері үлпілдеген әдемі, қанаты түрлі-түсті, ғажап құс деседі көргендер. Шамамен 6-12 жыл өмір сүреді. Қолға үйретілген кейбір түрлері 30-40 жыл жасайды екен. Ол түнде ұшып, күндіз тығылып отыратын құс. Жарықта көзі дұрыс көрмейді.

Қазақтың тағы бір аңызында үкі мен қарғаның айтысы баяндалады. Қарға үкіге өзінің көп жасайтынын айтып мақтанған екен. Сонда үкі «Арайлап атқан таңды көрдім. Қызарып батқан күнді көрдім. Қыста аппақ қарды көрдім. Көктемде жасыл желек жерді көрдім. Таңдап қосылған жұбайымды көрдім. Ақ үрпек балапандарымды көрдім. Осының бәрін жүздеген рет қайталап көргеннен не табамын?! Жаратқанның осы мүмкіндігіне шүкір! Сен сияқты өлексе мен боқ шоқып, 300 жыл жүргеннен сақтасын. Үлбіреген ақсүйек қалпымды ештеңеге айырбастамаймын» деген екен.

Айтпақшы, ну орманда адасқан адамдар үкінің қанатының қағысымен жүріп отырса, орманнан аман шығатын көрінеді.

 

ЖОЛ БАСТАУШЫ

Топан су тартылып, таулардың төбесі көрінеді. Асқар таулар:

– Нұх маған тоқтайды. Адамзат ұрпағы менен қайта таралады, – деп таласады. Тұран даласындағы Қазығұрт тауы кішіпейілдік көрсетіп:

– Бұл дәрежеге лайық емеспін. Ұлық Алла пайғамбарын биік тауға тоқтатар, – дейді. Алла тағала Қазығұрттың пейіліне риза болып:

– Нұх, кемені Қазығұртқа қондыр. Тіршілік сол жерден басталсын, – деп әмір береді. Нұх:

– Қазығұрт тауы қайда? – деп сұрайды. Ұлық Алла сонда «үкі» деген құс жаратып:

– Мына үкіні қасыңа ал. Оның көзі өткір, түнде көреді. Қазығұртқа баратын жолды сол біледі, – дейді. Үкі Қазығұртқа жеткенше кеменің алдында жол көрсетіп ұшып отырады. Нұх Қазығұрт тауына аман-есен тоқтайды. Кеме тоқтаған соң пайғамбар кіші ұлы Жаппасқа «Осы жерге қазық ұр!» деп бұйырды. Үкіге риза болған Нұх пайғамбар:

– Орман-тоғайдың иесі бол! Шаңырағымның киесі бол! – деп бата берді. Содан үкіге айрықша кие дарыпты. Адамдар оның қауырсынын «тіл-көз тимесін» деп баланың бесігіне, қыздың бөркіне тағатын болыпты («Әлдиден эпосқа дейін»).

 

БАЙЛЫҚ ӘКЕЛЕДІ

Әлемде үкіні қасиетті құсқа балаған халық аз болмаған. Мәселен, бенгалдықтар әлі күнге үйіне ақ түсті үкі кірсе, молшылыққа кенелеміз деп сенеді. Ал Қытайда күн қатты күркіреген кезде, найзағайдан сақтайды деп, үйінің әр бұрышына үкі бейнесін орналастырады екен. Олар тіпті үкі байлықтың, табыстың белгісі деп есептеген. Ал калифорниялық үндістер биік ағаштардың қорғаушысы деп құрметтейді Үнділердің сенімі бойынша, үкі қайтыс болған адамның жаны тәнінен ажыраған соң оны о дүниенің есігіне дейін күзетіп жеткізетін құс боп саналады.

Ежелгі майяларда биліктің символы ретінде бағаланды. Ұрыста ерлігімен көзге түскен апачилер үкінің қауырсынымен құрметтелетін болған. Ал Африкадағы кейбір тайпалар үкіні көзбайлаушылар мен дуагерлердің құсы деп санайды екен. Франциядағы Лотарингияның оң жақта отырып қалған қыздары тылсым күшке сенгендіктен орманға барып үкіден болашақ жарын кездестіруді сұрайтын болған дейді. Қалай болғанда да, бір үкінің мың сан адамға үміт сыйлап, бақытқа, байлыққа жетелегені анық.

 

Тақырыпқа орай

Бақыт БЕДЕЛХАН, ақын: Салт-дәстүріміз тұнған ілім

– Өзі кішкентай ғана үкі. Соны кейбір біздің діндарларымыз, шала сауатты сопыларымыз, тақуаларымыз «үкі деген – Құдайға серік қосу» деп жүр. «Осы үкіні тақса, домбыраның үні ғажап шыға ма соншалықты» деген сияқты әңгімелер айтады. Мен айтамын, «айналайын-ау, үкінің ұясын көрдің бе өзі?» деп. Үкінің ұясы бір құшақ болады. Оған шыбын-шіркей түгілі, шаң қонбайды. Осындай үлпілдеген таза қауырсынды ұясынан алып, патшалардың қызына жастық жасап берген, «түсінде жұмақты көрсін» деп. Ал біздің қазақ кішкентай баласы жатқан бесіктің басына томардай қылып үкі тағады, сосын өздері алаңсыз тіршілігімен кете береді. Баланың аяғы шыға берген кезде де, аяғын керегеге байлап қойып, арқасына томардай үкі тағып, шешесі сырттағы тірлігіне шығып жүре берген. Керегеден жылан кіреді, қарақұрт кіреді дегендей. Ал үкінің қауырсынына жылан жоламайды, қарақұрт жоламайды, шыбын-шіркейің де жоламайды. Үкіні қазақ бесікке сәбиінің қауіпсіздігі үшін таққан. Осы өсиеттің бәрін әжелеріміз бен шешелерімізден естіп өстік. Зерттеп қарасақ мұның бәрі көнеден жеткен қазақтың танымдық, философиялық дүниелері. Олардың барлығы ғылыми дәлелденген нәрселер. Салт-дәстүр, ырым-тыйымның барлығы да тұнған ілім.