ҰҚК Алматыда қауіпті қылмыстық топтың жолын кесті

ҰҚК Алматыда қауіпті қылмыстық топтың жолын кесті
Сурет: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

Қазіргі кезде жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел қызметкерлері арнаулы мақсаттағы бөлімшені жұмылдыра отырып, Алматы қаласында қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Арнайы операция барысында ҰҚТ 5 белсенді мүшесі ұсталып, олардан Калашников автоматы, Макаров тапаншасы, жауынгерлік граната, тегіс ұңғылы «шолақ» мылтық және синтетикалық сипаттағы есірткі заты тәркіленді», - деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.

Топ мүшелері денсаулыққа ауыр зиян келтіру, аса ірі көлемде есірткі затын сату мақсатында  сақтау, қару мен оқ-дәріні заңсыз тасымалдау және сақтау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген, -деп жазды  Azattyq Ruhy.

«Үш күдікті тергеу сотының рұқсатымен қамауға алынып, қалғандарына қатысты қажетті тергеу іс-қимылдары жүргізіліп жатыр. Қолданылған шаралар Алматы қаласының қылмыстық ахуалын жақсартуға және қылмыстық ортаның қоғамға әсерін әлсіретуге бағытталған», - делінген ведомство хабарламасында.

Қазіргі кезде жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.