ТЖМ дауылды ескерту кезеңінде жолға шығудан бас тартуға кеңес береді

ТЖМ дауылды ескерту кезеңінде жолға шығудан бас тартуға кеңес береді
gov.kz

Екі күн ішінде автожолдарда 5 мыңнан астам адам құтқарылды

Еліміздің автожолдарында авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда. Температураның төмендеуіне, көктайғақ пен боранға байланысты бірқатар өңірлерде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қозғалыс жабылды.

Жалпы екі тәулік ішінде еліміздің автожолдарында 5 мыңнан астам адам, оның ішінде 275 бала құтқарылды. Өткен тәуліктің өзінде жолдарда 4 510 адам, оның ішінде 225 бала құтқарылды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, полиция, Қазавтожол, шекара жасағының күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Бұдан басқа, Жамбыл облысына өзара іс-қимыл шеңберінде және Қырғыз Республикасына баратын 100-ге жуық автокөліктің жүріп-тұруына көмек көрсету үшін Қырғызстан ТЖМ күштері мен құралдары келді.

Қолайсыз ауа-райына байланысты құтқару жұмыстары қиындады.

Жамбыл облысының Жуалы және Қордай аудандарында 4096 адам, оның ішінде 181 бала, 39 шетел азаматы құтқарылды.

Тараз қаласынан Шымкентке қарай шығаберісте 400-ден астам автокөлік, Қордай асуында - 60 бірлік, Благовещенкада-340 бірлік көлік кептелісте тұр. Автожолдарды тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

Түркістан облысында 357 адам, оның ішінде 40 бала құтқарылды.

Шымкент-Тараз бағыты бойынша Шұқырбұлақ елді мекенінің ауданында шамамен 400 бірлік техника, Шақпақ ауылының ауданында шамамен 230 бірлік техника кептелісте тұр. Олардың ішінде 1200-ге жуық адам бар. Азаматтар жылыту пункттеріне орналастырылған.

Жамбыл және Түркістан облыстары әкімдерінің шешімдерімен Қордай, Шу және Түлкібас аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Жетісу облысында «Үшарал-Достық»  автожолында қар құрсауынан 57 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды.

Алматы және Қарағанды облыстарында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.  Қолайсыз ауа-райында мал жаюға және мал іздеуге шыққан үш адам аман-есен табылды.

Жедел желі телефондары жұмыс істейді:

- ТЖМ 8 717 2 70 41 14,

- Жамбыл облысы ТЖД 8 726 2 51 35 75, 51 41 67,

- Түркістан облысы ТЖД 8 725 33 57 897.

ТЖМ дауылды ескерту кезеңінде алыс сапарларға шықпауға, алыс қашықтыққа жаяу жүруден бас тартуға кеңес береді.