ТЖД құтқарушылары мереке қарсаңында қауіпсіздік шараларын еске салды

ТЖД құтқарушылары мереке қарсаңында қауіпсіздік шараларын еске салды
Суретті түсірген - Қайрат Қоныспаев

ТЖД құтқарушылары алматылықтарға мерекелік күндер қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану бойынша қауіпсіздік шараларын еске салды

Пиротехникалық бұйымдар Жаңа жыл мерекесінің ажырамас бөлігі. Алматылық құтқарушылар ӨКҚ брифингінде пиротехникалық заттарды қолдану кезінде қауіпсіздікті сақтау және өрт жағдайларын алдын алу бойынша кеңестерімен бөлісті.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Данияр Жүсіпов айтуынша, қалада жыл сайын жаңа жылдық мереке күндері орта есеппен 13 өрт оқиғасы орын алады. Бұл ретте өрт оқиғаларының 20%-ға жуығы пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдаланбау салдарынан болады. Мәселен, соңғы 5 жылда 67 өрт оқиғасы орын алса, оның 9-ы пиротехника салдарынан болған.

«Жаңа жылды мерекелеу қарсаңында пиротехникалық бұйымдармен абайсыз әрекет ету салдарынан жарақат алу жағдайлары орын алуда. Осылайша, биылғы жаңа жыл күні әртүрлі жарақаттармен 13 адам, оның ішінде 3 бала, медициналық мекемелерге жүгінді. Жалпы, соңғы 5 жылда 47 адам зардап шеккендер болса, оның ішінде 25-і балалар», - деп атап өтті Д. Жүсіпов.

Өрттердің алдын алу және ескерту, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдаланбау салдарынан болатын жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында Алматы қаласы ТЖД азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастыру шараларын жүргізуде.

«Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану салдарынан болған қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында жыл сайын желтоқсан айының үшінші онкүндігінен бастап Департаменттің инженерлік-инспекторлық құрамы полиция департаменті, әкімдік, прокуратура өкілдері және БАҚмен бірлесіп пиротехника бұйымдары сатылатын орындарда рейдтер жүргізеді. Бірлескен рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде, полиция қызметкерлері сертификатталмаған контрафактілік пиротехникалық өнімдерді анықтаған жағдайда әкімшілік шаралар, сонымен қатар кейіннен өнімдерді тәркілеумен процессуалдық шешім қабылдауға бағытталған іс-әрекеттер қолданады», - деп атап өтті спикер.

Құтқарушылар пиротехникалық бұйымдарды тек мамандандырылған дүкендерде сатып алу керектігін еске салды. Бұл ретте, бұйым қаптамасының мыжылмаған немесе деформацияланбағанына, сондай-ақ жарамдылық мерзіміне назар аудару қажеттігін ескертті. Пиротехникалық құралдарды құрғақ орында, жылу көздерінен алыс жерде сақтау керек.

Пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде қауіпсіздік нұсқауларын орындау маңызды, атап айтқанда:

- балалардың өз бетімен ракеталар мен петардаларды қосуына жол бермеңіз; 

- қауіпті аймақ (50 метр) радиусында пиротехниканы қосуға кедергі болатын ештеңе жоғына көз жеткізіңіз;  

- пиротехниканы тұтату кезінде ешқашан қораптың үстіне еңкеймеңіз; 

- фитильді тұтату кезінде қол созым аралығындай орын қалдырыңыз; 

- өнімді қатты жел кезінде қоспаңыз; 

- пиротехниканы егер ол іске қосылмаған болса, қайта қосуға тырыспаңыз;  

- ракеталар мен фейерверктерді адамдар мен жануарларға қаратпаңыз, хлопушкаларды аяқ астына тастамаңыз; 

- фейерверктерді қосу алаңы мен тұрғын үйлерге дейінгі ең аз қашықтық 50 метр болуы керек. Алаңда ағаштар, электр желілері және басқа да кедергілер болмауы керек, бұл отшашулар бағытын өзгерте алады.

Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі мақсатында жаңа жылдық шырша мен әшекейлерін орнату кезінде ағаштарды тұрақты негізге орнату және үй-жайлардан шығатын жолдардың ашық болуы ұсынылады. Сонымен қатар, мына шараларды ескеру қажет:

- шырша бұтақтары қабырғалар мен төбеден кемінде 1 метр қашықтықта орналасуы керек;

- жарық гирляндтарын қосу алдында ұзақ уақыт пайдалану кезінде ылғалға төзімділігін анықтай отырып, электр желісінің қуат жүктемелерінің нақты есебін жасау қажет;

- егер жарықтандыру кезінде ақау анықталса (сымдардың қызуы, ұшқын шығуы), ол дереу токтан ажыратылуы тиіс.

Сонымен қатар, қоғамдық орындарда (корпоративтік кештер және т.б.) жаңа жылдық іс-шараларды өткізу кезінде келесі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет:

- кем дегенде екі авариялық шығумен қамтамасыз етілген үй-жайлар ғана пайдаланылады, шығу жолдары өз кезегінде үнемі ашық болуы;

- іс-шаралар өткізілетін үй-жайлар бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуі;

- іс-шаралар кезінде сахна және залдарда өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың кезекшілікте болуы;

- кезекшілер өрт қауіпсіздігі бойынша оқытудан өтуі тиіс.

Рұқсат етілмейтін жағдайлар:

- іс-шаралар өткізілетін үй-жайлардың терезелерінде темір торлардың болуы;

- қатарлар арасындағы өту жолының енін қысқартуға және өту жолдарында қосымша креслолар, орындықтар қоюға;

- қойылым кезінде бөлмедегі жарықты толығымен өшіру;

- қолдан жасалған электр гирляндтарын қолдану;

- үй-жайларда пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатаң тыйым салынады.