Түрксіб ауданында биыл 85 шақырым желінің құрылысы аяқталады

Түрксіб ауданында биыл 85 шақырым желінің құрылысы аяқталады
Сурет: Inform.kz

Биыл Түрксіб ауданындағы үш мыңға жуық қала тұрғыны орталық сумен жабдықталады.

Мұны аудан тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Үш шағынауданда және аудан көшелерінің бірінде 138,2 шақырым су құбыры және кәріз желілері тартылып жатыр. Бүгінде 62,2 шақырым желі салынды. Жыл соңына дейін тағы 22,7 шақырым желі іске қосылады. Биыл "Шуақты" және "Жас Қанат" шағынаудандарындағы 2,7 мың тұрғын, сонымен қатар Закарпатская көшесі орталықтандырылған сумен жабдықталып, кәріз жүйесіне қосылады. 

"Төменгі бесжылдық" шағынауданындағы желілер құрылысы келесі жылы аяқталады. Бүгінде бұл жұмыс 40%-ға орындалды, 98,4 шақырымның 40 шақырым желісі салынды. Осылайша, келесі жылы "Төменгі бесжылдық" шағынауданының 4,1 мың тұрғыны қалалық желілерге қосылады.

"Әлмерек", "Қайрат", "Маяк" шағынаудандары үшін 55,8 шақырым желі, оның ішінде 30,7 шақырым сумен жабдықтау және 25,1 шақырым кәріз желілерінің құрылысына ЖСҚ әзірленді. Құрылыс 2023 жылдың II тоқсанында басталады.

Өтініштерді ескере отырып, алдыңғы кездесу барысында орталық су бұру желілерімен қамтылмаған ауданның 7 учаскесі (9,5 мың үй) тексерілді. 2023 жылы кәріз желілерін салуға ЖСҚ әзірленеді.