Туризм тынысы ашылар күн алда

Туризм тынысы ашылар күн алда

Теңдессіз сұлу табиғаты мен өзіндік бірегей мәдениеті көзіқарақты жұртты тәнті етпей қоймайтын қазақ жері – туризм үшін таптырмас мекен. Бағасын білген адамға тамаша әсер, керемет көңіл күй сыйлайтын тарихи-мәдени құндылығы зор нысандар бізде жетіп-артылады. Туризмнің дамуына қуатты серпін беретін бұл жағдай еліміздің әлемдік деңгейдегі туристік нарыққа шығуына жол ашары анық.

Әлеуметтік маңызынан бөлек, экономикалық жағынан да аса тиімді бұл саланы дамыту мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі назар аудартып жүр. Таяудағы Жолдауында ел тағдыры үшін айрықша  маңызы бар жобаларды жүзеге асыру туралы сөз қозғай келе, Президент еліміздің туристік әлеуетін тиімді пайдалану керектігін баса айтты. Ол сондай-ақ серпінді жобалар қатарында болуға тиіс осынау маңызды салада, өкінішке қарай, жұмыс дұрыс атқарылмай жатқанын, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып қойғанын мәлімдеді.

Ал экономиканың локомативі болар әлеуетке ие саланың кенжелеп дамып, тұралап тұрғанына не себеп? Отандастарымыз демалуға неге жаппай шет елдерге ағылады? Ішкі туризмге қызығушылықтың төмен болуы неден?..

Еліміздегі туристік операторлар Ассоциациясының мәліметінше, биыл жазда шетелге саяхатқа жолдама сатып алғандар саны былтырғымен салыстырғанда екі есе өскен. Мамандар мұны визасыз кіруге болатын мемлекеттер қатары көбейгенімен және жаңа бағыттар, тіке рейстер ашылғанымен түсіндіреді. Егер отандастарымыз былтыр тіке рейспен 12 елге бара алған болса, биыл олардың да саны екі есеге артқан. 

Қазақстан туристік ассоциациясының директоры Рашида Шайкенованың айтуынша, туристік бағытты таңдаудағы негізгі фактордың бірі – оның бағасы. Бұған дейін қолжетімді бағыттың көш басында Түркия тұрған және азын-аулақ ақшамен-ақ түрік елінде қыдырып, теңіз жағажайларында тынығып қайту қиынға түспеген. Алайда лирдің құнсыздануына байланысты, бүгінде Түркия екінші орынға ысырылған. Қазақстандық туристерді қазір көбірек қызықтыратыны – Дубай, Египет, Тайланд, Грузия, Әзербайжан, Черногория көрінеді.

Ал ішкі туризмге қатысты жағдай әлдеқайда күрделі. Елімізде әлдебір демалыс орнын немесе туристік нысанды арнайы таңдап, туристік мақсатта ұзақ мерзімге сапар шегетіндер некен-саяқ. Ел аумағындағы барыс-келістің дені адамдардың басқа аймақтағы туған-туысына, дос-жаранына қыдырып қайтуы, емдеу-сауықтыру мекемелеріне баруы, іскерлік және кәсіби мақсаттағы сапары, қасиетті орындарды зиярат етуі түрінде болып келеді екен. Сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері ұйымдастырылатын 1-2 күндік турмен тұрғылықты жеріне жақын тарихи-мәдени нысандарға, көрікті жерлерге саяхаттайтындар да бар. Мұндай нысандар қатарына атақты Көлсай көлі, Бесшатыр қорғаны, Шарын шатқалы, Тамғалы-Тас, Айғай құм, Түрген сарқырамасы бағытын қосуға болады. Ал жұрттың демалуға неғұрлым көбірек және ұзақ мерзімге баратын жері – Алакөл, Балқаш, Бурабай және Каспий жағалауы.

Ішкі туризмнің түйткілді тұстарын жұрттар әлеуметтік желіде, баспасөз бетінде жиі айтып та, жазып та жүр. Неғұрлым көбірек сөз болатыны – бағаның көрсетілер қызмет сапасына сай еместігі. Мұның сыртында жол қатынасы инфраструктурасының дамымағандығы, сервис пен логистика деңгейінің төмендігі, туристерге ұсынылар азық-түлік сапасының нашарлығы, ассортимент жетімсіздігі, туристік нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейінің сын көтермеуі, білікті мамандардың аздығы, туристік әлеуетті аймақтық және әлемдік деңгейде көтеруге қатысты қарекетсіздік тағы бар.   

Жалпы, отандастарымыздың көпшілігі ел аумағындағы туризмнің қымбатқа түсетініне шағынып, бағаны арзандатуды сұрайды. Ал аталған қызметті ұсынушылар болса ол мүмкін еместігін, кез келген бизнес сияқты, туризм де рентабельді болуға тиіс екенін айтады. Кәсіпкерлердің пікірінше, туристік қызметтен қазір айтарлықтай кіріс жоқ. Оған теңгенің құнсыздануы, коммуналдық қызмет, электр энергиясы, сумен жабдықтау бағасының өсуі де себеп болуда. Осының бәрі, айналып келгенде, отандық туризмді барынша дамытуға кедергі болып тұрғаны анық.

Дегенмен, дәтке қуат, көңілге шуақ ұялататын жайттар да жоқ емес. Мысалы, бізде ел аумағындағы демалыс орындарына ата-анасымен баратын балалардың тегін ұшуына мүмкіндік беретін бағдарлама бар. Сондай-ақ министрлік тарапынан Ұлытау, Абай облыстары мен басқа да бірқатар бағыттарды дамыту мақсатында елімізде туристерге жұмсаған ақшасының 20 пайызын қайтарып беретін кешбэк жүйесін енгізу қарастырылуда.           

Мұның сыртында Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм және спорт министрлігі болып қайта құрылуы да туризмді еліміздің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру мақсатынан туындағанына сенгіміз келеді.

Теги: Жолдау, туризм, инфраструктура