«Толған ай» сөзі қайдан шықты?

«Толған ай» сөзі қайдан шықты?
сурет rutube.ru алынды

«Толған ай» күнтізбесі бойынша айдың 15-16-сына тура келеді

Қазекең қандай болжам жасаса да ой елегінен өткізбей, тәжірибеге сүйенбей, әбден көзін жеткізбей айтпайды. Таразы туғанын жазғанбыз. Енді оның амалы «Теке сүмбіле» басталады. Текенің мінезі де бірқалыпты емес қой. Қыркүйектің 25-іне дейін жалғасатын жаздың соңғы амалы. Бұрынғылар күзді бастап тұрған қыркүйекті жылауық ай дейді. Өте тұрақсыз ай. Бір күн шуағын шашып, бір күн қара бұлт еңсені басып тұрады...

Қазақы пайымның айтуынша, осы мезгілде қозыны енесінен айырады. Қозы күзем болады. Өзен суына қозы тоғытады. Малшылар жайлаудан түсуге кіріседі. Бидай, жүгері піседі, егіншілер астық орады. Күн мен түн теңеліп, қатты ыстық қайтып, ауа райы бірқалыпқа түсе бастайды. Шөптің өсуі тоқтайды. Пішен шабу қолға алынады. Жаздың соңы болғандықтан, күздің салқыны сезіледі.

Айдың орны өзгеріп, жер мен күннің қарсы жағына өтеді. Оның жер шарына қараған бетіне күн нұры түсіп, ай сүттей жарық болып көрінеді. Соның әсерінен осы мезгілде түн жарық болады. Қазекең бұл мезгілді «Толған ай» дейді. Ол қазақ күнтізбесі бойынша айдың 15-16-сына тура келеді. Айдың 15 күні жарық, 15 күні қараңғы деген сөз, міне, осыдан келіп шыққан. Қолданыстағы күнтізбе бойынша, қыркүйектің 20-21-іне ай толады.

Жаңа ай мен ескі ай арасын, яғни екі айдың өзара ауысу аралығын «Өліара» дейді. Өліара кезінде ауа райы құбылмалы, жауын-шашын көп болады. Қазақ халқы айдың өліарасы мен жаңа айдың тууына өте мән берген. Алғаш ай орақтанып көрінген күні айға қарап: «Жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке!» деп тілек тілеп, бетін сипаған. Бұл ежелден келе жатқан салтымыз.

Қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжік, парсы, пуштун (Ауғанстан) күнтізбелерінде Сүмбіле жұлдызы 31 күндік зодиак айы саналады. Ол тамыздың 29 жұлдызынан қыркүйектің 28 жұлдызына дейін созылатын ең үлкен амал. Сүмбіле (Сириус) – аспанның Оңтүстік жарты шарында орналасқан ең жарық жұлдыз. Оның жалтырауы 1,46 жұлдыздық шамаға тең. Сүмбіленің Күннен қашықтығы 2,7 парсек. Сүмбіле диаметрі жағынан Күннен екі есе үлкен, жарқырауы Күн жарқырауынан 22 есе артық.

Қазақ халқы сүмбіленің алғашқы жартысын «Лақ Сүмбіле», екінші жартысын «Теке Сүмбіле» деп атайды. Қазір соңғысы басталады. Атауының өзі аңғартып тұрғандай, ауа райы енді жайсыздана бастайды. Текенің мінезі де бірқалыпты емес қой. Енді бірер күнде көкті қайта бұлт торлап, жаңбыр жаууы мүмкін. Ары қарай қайта жылымық басталады. Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, қыркүйектің – 14-і. Ай жүйесіне сүйенсек, осы айдың 28-і. Қазақша әлі қыркүйектің – 1-і. Апта айдың басын, ортасын және соңын түгел қамтып тұр. Қайсыбір жылдары қыркүйекте қаздардың оңтүстігіне қайта бастағанын көргенбіз. Әзір ондай қозғалыс білінбейді. Күз ұзаққа созылатын сыңайлы.