Жемқорлыққа қарсы институт жұмыс істеуде

Жемқорлыққа қарсы институт жұмыс істеуде
Сурет: Сulture.ru

Алматы қаласында қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 32 лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 10 лауазымдық тұлға атқарып отырған лауазымынан босатылды.

2020 жылдан бастап елімізде отставкаға кету және бірінші басшылардың қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін дербес жауапкершілігі институты жұмыс істей бастады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шараларын қолданбағаны үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын тәртіптік жауаптылыққа тартуды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысына мониторинг жүргізу Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне және оның аумақтық бөлімшелеріне жүктелген болатын.

Мониторинг күнделікті жүргізілуде және оның қорытындысына сүйенсек, Алматы қаласында ағымдағы жылдың 9 айында қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 32 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде «ескерту» – 1, «сөгіс» түрінде тәртіптік жазаға 6 адам тартылды, «қатаң сөгіс» – 7, «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» алғандар – 8, ал 10 лауазымды тұлға атқарып отырған қызметінен босатылды.

Басшыларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етуден басқа, департаментпен бірлесіп сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар әзірлеу Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Осыған орай, аталған мәселе бойынша жұмысты үйлестіру барысында Алматы қаласының Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау фактілері орын алған мемлекеттік органдардың басшылары тыңдалып, қорытындысы бойынша бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға бағытталған нақты ұсынымдар берілді.

Департамент бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін басшылардың жауапкершілігі туралы заңнамалық норманың орындалуына мониторингті жалғастыруда.