Тоқаевтың мектебі

Тоқаевтың мектебі
Сурет: интернеттен

Алматыдағы Ілияс Есенберлин атындағы №25 гимназияда әр жылдары танымал саяси қайраткерлер, ғалымдар, өнер адамдары оқыған.

Аталған мектептің ең танымал түлегі – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Жұлдызды» мектеп

90 жылға жуық тарихы бар №25 гимназия алғашында Пушкин көшесіндегі 73-үйде ашылған. Бастапқыда мұнда тек төрт сынып болған. 1937 жылы толық орта мектепке арналған жаңа ғимарат салынып, 1962 жылы жанынан тағы ғимарат бой көтерген. 2004 жылдың ақпанында Қазақстан үкіметінің шешімімен мектепке жазушы Ілияс Есенберлиннің аты берілген.

№25 гимназияда білім алған атақты түлектер арасында: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, саясаткер Владимир Жириновский, тарихшы әрі журналист Иосиф Маляр, археолог Кемел Ақышев, өнертанушы Анатолий Кельберг, кинорежиссер Вадим Әбдірашитов, А-Студио тобының бас-гитарисі Владимир Миклошич, Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Галиев, режиссер Юрий Пискунов, композитор Әлім Зайыров, А-Студио тобының әншісі Бағлан Сәдуақасов, саясаткер Дәулет Сембаев, нейрохирург Юрий Аношин, ғалым Абай Байгенжиндер бар.

Болашаққа жазылған хат

Білім ошағының 2006 жылдан бергі басшысы Ғазиза Аманбайдың айтуынша, болашаққа хат жазып, оны уақыт капсуласына салу гимназиядағы басты дәстүр екен. Бұл дәстүр 1970 жылдан басталыпты. 2003 жылы Қазақстанның сыртқы істер министрі қызметінде болған Қасым-Жомарт Тоқаев мектепке келіп, сол қызықты дәстүрді еске алған. Бірақ ол кубок тек бір жылдан кейін табылған.

«2003 жылы мектепке түлек ретінде келген Тоқаев вестибюльге кіре сала «осы бір тұсқа біз кубокты жасырған едік» деді. Біз ол жолы ештеңе түсінбедік. 2004 жылы вестибюльді реконструкциялау кезінде құрылысшылар қабырғадан жәдігерді тауып алды. Оның беті тақтаймен жабылған, ішінде осы кубок жатты. Біз оны ашып көрдік. Оның ішінде комсомолшылардың хаты жатты. 1970 жылға алғашқы хатты 1964 жылғы түлектер жазған. Сол шақта алау алып жүретін шеру жүрген. Сонда комсомолшылар екі беттік параққа революцияның жүз жылдығына арнап 2017 жылдың түлектеріне хат арнаған», - деді директор.

Капсуланы төрт комсомолшы бекіткен. Олардың қатарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та болған.

2005 жылы гимназия 40 жыл бұрынғы бастаманы жалғастырып, оқушылар мен ұстаздар 2030 жылға арнап хат жазды және өз уақыт капсулаларын қабырғаға бекітті. Ал 2021 жылы мектепте болған Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылы ашылуы тиісті уақыт капсуласын орналастыруға қатысқан.

Шәкірт Тоқаев

«Президент оқыған кабинетті де анықтап алдық. Ол кабинетті көрді. Сол жылдары әр сынып өз кабинетінде отырған. Сондықтан 10 "В" сыныбының кабинетін таптық. Үшінші қатардың үшінші партасында Тоқаев отырған. Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Анна Борисовна Игдал президенттің сынып жетекшісі болған. Маған ол кісімен бірнеше жыл жұмыс істеу бұйырды», - деді Ғазиза Аманбай.

Болашақ президентке тарихтан сабақ берген, Тоқаевтың сүйікті ұстазы – Серафима Филатовна Никонова 92 жасында өмірден өткен.

Білім алған ұясын әрдайым ұлықтап жүретін шәкірт Тоқаев мектеп кітапханасына түрлі жанрдағы кітаптар сыйлапты.

Тоқаев гимназияда әлі күнге дейін француз тілін тереңдетіп оқытатынын, Франция елшілігімен, Француз альянсымен тығыз байланыс бар екенін, халықаралық деңгейде оқушылармен алмасу жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтті. Президент бұл жағдайды жоғары бағалап, осы дәстүрлерді және байланысты сақтау қажет екенін айтты.

Мектеп музейі

Бұл білім ошағының тағы бір ерекшелігі – мектептегі музей. Музейге де мектептің аты секілді Ілияс Есенберлиннің есімі берілген.

Оның ұлы да осы мектепті бітіріп, әкесінің үстелін, баспа машинасы мен кітаптары секілді жеке заттарын музей қорына табыстаған.

Мұнда хаттар мен құрмет тақталарынан бөлек, соғыс жылдарынан бері мектепті басқарған директорлардың аты-жөні жазылған үй кітапшасы бар.

Музейдегі құрметті қонақтар кітабына Мемлекет басшысы да жазба қалдырған.

Музейде гимназияның әрбір атақты түлегіне арнап жеке бұрыш дайындау жоспарланған. Мектеп әкімшілігі Мемлекеттік архивтен ескі сурет тауып алған. №25 мектеп сол жылдары архивке құжат тапсыратын жалғыз мектеп болыпты.